11 сала бойынша 230 үздік маман ҚР бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстарына тартылды

28 мамыр 2020 ж. 18937 0

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Елбасының «Ел үміті» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын сапалы орындауға бағытталған Өзгерістерді басқару жөніндегі cалалық менеджерлерді даярлау бағдарламасының Басқарушы комитетінің отырысы өтті. 

Басқарушы комитет Бағдарлама қатысушыларын іріктеу нәтижелерін қарастырды, сондай-ақ өзгерістер менеджерлері командасының құрамы бекітілді, олар мемлекет саясатының 11 саласында: білім беру, геологиялық барлау, сауда және логистика, өнеркәсіп, оның ішінде жаңа индустрия, құрылыс, өңірлік даму, денсаулық сақтау, медиа, ауыл шаруашылығы, туризм және су ресурстары салаларында 43 нақты міндетті шешуді қамтамасыз етуі тиіс.

Бағдарламаға қатысу үшін 2958 қазақстандық өтінім берген, оның ішінде 1345 үміткер іріктеудің екінші кезеңіне жіберіліп, тестілеуден өтті. Оның нәтижесі бойынша 662 үміткер үшінші кезең – құзыреттері бойынша сұхбат алу кезеңіне өтті. Қорытындысы бойынша Бағдарламаға алу үшін 230 қатысушы ұсынылды. 

Бағдарламаға іріктелген қатысушылардың жартысынан астамының халықаралық білімі бар, үштен бірі халықаралық компанияларда тәжірибе жинақтаған, орташа жасы – 35 жас. Қазіргі кезде өзгерістер менеджерлерінің 70%-ы – жеке секторда, 30%-ы – мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейді.

Бағдарлама қатысушылары салалық міндеттерді шеше отырып, еліміздің дамуына өз үлесін қосумен қатар, салалық әрі көшбасшылық біліктіліктерін шыңдауға мүмкіндік алады. Ол үшін қатысушылардың тренингтік және коучингтік бағдарламалардан өтуі қарастырылып жатыр.

Салалық міндеттерді шешу кезінде өзгерістер менеджерлері кеңес және консультация алу үшін мемлекеттік және жекеменшік сектордан арнайы таңдалған 40-тан астам менторға жүгіне алады.

Өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді дайындау бағдарламасына қатысушыларды іріктеу биылғы 15 ақпанда басталды. Бағдарламаға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры бастамашы болды, ол ҚР Үкіметінің Жобалық кеңсесімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Түсініктеме қалдыру