news-img

Мәжіліс алаңында мәдениет және спорт саласының өкілдерінің кездесуі өтті. Олар 2020-2025 жылдарға арналған дене шынықтыру және спортты дамыту кешенді жоспарын өзектілендіру мәселесін талқылады. Сарапшылардың отырысы өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасы аясында өтті.

Еліміздегі жағдайға байланысты, спорт жанашырларының отырысы бейнеконференция байланысы арқылы ұйымдастырылды. Министрліктің өкілі ретінде кездесуге Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт Министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, Серік Сәпиев пен оның әріптестері қатысты. Сондай-ақ бейнеконференцияға аймақтық дене шынықтыру және спорт басқармаларының жетекшілері де қосылды.

Кездесуге салалық менеджерлер дайындаған презентация түрткі болды.  Жас сарапшылар кешенді жоспарды жүзеге асыру және спорттық кешендерді басқару шаралары жөнінде өз ойларымен бөлісті. Олар осы мәселенің тиімді шешімдерімен таныстырып, мақсатқа жету жолдарын айқындап берді. «Бұқаралық спортты ұлт мәдениетінің бөлігі ретінде дамыту бағдарламасы» саласының көшбасшысы Ерназар Бексұлтановтың баяндамасы бойынша қазір елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру, мектепке дейінгі жастағы балалар және   мектеп оқушылары мен студенттер лигасының физикалық белсенділігін арттыру, урбандық спорт, клуб жүйесі және спорт ғылымының дамыту, инклюзивті спорттың қолжетімді болуы маңызды. Бұл бағыттардың әрқайсысының өз мақсаты бар.

Мысалы, елімізде СӨС қалыптастыру мәселесі салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар санын халқымыздың 50% құрайтын көрсеткішке жету мақсатына бағытталған. Халықтың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттыру үшін жас мамандар жеке және заңды тұлғаларға (салық төлеу, МӘМС бойынша бонус жүйесін әзірлеу) жеңілдіктер жасауды ұсынады. Олар Road show жалпыұлттық қозғалысын дамыту шарасы да бұл іске өз септігін тигізетінін алға тартты. Бұл шешімдер ҚР бұқаралық спортты дамыту және ұлт денсаулығын жақсарту мақсатына арналған.   

«Спорттық / көпфункционалды ғимараттарды тиімді пайдалану» командасының жетекшісі Сергей Апенко да өз ұсыныстарымен бөлісті. Ол спорттық көпфункционалды ғимараттардың тиімді пайдалануын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа бастамаларды әзірлеп, жүзеге асыру шараларын атап айтты. Ғимараттарды бағалау үрдісі нысандардың мемлекет пен бизнестің ынтымақтасу бағдарламасын жүзеге асыру және негізгі қызметтерін ұлғайту мүмкіндігін ескереді. Сондай-ақ, ғимараттың спорт түрлерін (әуесқой денгейінен кәсіби спортқа дейін) дамыту алаңы ретінде қолдану тиімділігі мен нысанның басқа да қызметтері бағаланады.

Пікірталасқа қатысушылар спорттық нысандардың даму мүмкіндігінің тиімді түрі -  жекеменшік-мемлекеттік серіктестік екенін атап өтті. «Спорттық / көпфункционалды ғимараттарды тиімді пайдалану» командасының мәліметтері бойынша, бүгінде ЖМС-ның 717 жобасының 49-ы ғана жүзеге асырылуда.

Отырыста қалалар мен ауылды мекендерде халықтың спортпен айналысуын, дене шынықтыру сабақтарының және спорттық ғимараттардың ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.  Осы тұста ерекше қажеттіліктері бар адамдардың спорттық секцияларға қатысуына арнайы қаржылай көмек беру ұсынысы айтылды.

2020-2025 жылдарға арналған дене шынықтыру және спортты дамыту кешенді жоспары келесі рет ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің қатысуымен өтетін кеңесте талқыланатын болады. Шара аясында салалық менеджерлер командалары экономиканың 11 саласы бойынша ұсыныстарымен бөліседі.

Түсініктеме қалдыру