news-img

Кеше Дамир Оразымбетовтың редакциясымен шыққан Қазақстанның барлық өңіріндегі қазіргі теоретиктер мен практиктерінің, сонымен қатар, Түркия мен Американың авторларының мақалаларын жинақтаған «Ғасырлармен астасқан қазақ биі» кітабының тұсауы кесілді. Кітапты Нұрсұлтан Назарбаев Қорының демеушілік қолдауымен Qazaq Ballet креативті зертханасы шығарған.

«Ғасырлармен астасқан қазақ биі» халықаралық жобасының мақалалар жинағы бір жарым жыл бойы дайындалды. Авторларының қатарында шығармашылық жоғары оқу орындарының оқытушылары, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, халық артистері, ғылым кандидаттары мен докторлары бар. Кітапта жинақталған тәжірибе зерделенеді, артықшылықтары мен кемшіліктері талданады, қазақ биі туралы қазіргі түсінік жазылады.

«Еліміздің барлық өңірінің мәдениеті мен білімінде болып жатқан оқиғалардың барлығын бір кітапқа жинақтап, мақсатымызды орындадық. Бұл қазақ биі саласындағы зерттеулер үшін тірек нүктесін табуға мүмкіндік береді», - деді жоба авторы Дамир Оразымбетов.

Тұсаукесер рәсіміне өнер және білім саласының білікті мамандары қатысты. «Кітап сабақтастық идеясын қисынды түрде жеткізеді және қазіргі заманғы өзекті мәселелерді қозғайды. Қазақ биін зерттеу қазақтардың менталитеті, өмір салты мен әлем бейнесі туралы жалпы мәдени идеяны байытады. Ол қазақ биінің дамуына түрткі болуға тиіс!», - деп белгілі философ Альмира Наурызбаева басылымның авторлары мен редакторларының жоғары мәдениетін атап өтті.

Дизайнер Гузель Нұрымбетова рәсімдеген басылымда қазақстандық суретшілердің Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қорынан алынған картиналарының репродукциялары бар. «Авторлар құрамы мықты. 29 мақала! Керемет жұмыс! Мен қазақ биінің сенімді қолда болғанына өте қуаныштымын», - деді кітаптың құндылығына тәнті болған қазақтың тұңғыш балетмейстері Дәурен Әбіровтің қызы Камила.

Мақалалар жинағы қазақ және орыс тілінде жарияланып, ірі кітапханаларда, сондай-ақ шығармашылық білім беру ұйымдарының кітапхана қорында қолжетімді болады. «Меніңше, бұл кітап хореография бойынша білім беру бағдарламасы бар барлық жоғары оқу орындары мен орта арнаулы оқу орнында міндетті әдебиеттер тізімінде болуы керек», - деді тұсаукесер соңында музыкатанушы Гүлнәр Ғизатова.

Түсініктеме қалдыру