Алматыдағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда балалар денсаулығының өзекті мәселелері талқыланды
Балалар жылы аясында Алматыда Қазақстанның педиатрлары мен балалар хирургтарының «Қазақстан педиатриясы: кеше, бүгін және ертең» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен алты мыңнан астам педиатр мен Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Ұлыбритания, Германия, Украина, Чехиядан келген делегаттар, жетекші мамандар мен ғылыми институттардың басшылары, сонымен қатар медициналық жоғары оқу орындарының профессорлары қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты балалардың денсаулығын сақтау және нығайту мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасу, балаларға сапалы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, ерте жастан ауруды диагностикалау мен емдеудің өзекті түйткілдерін қарастыру.
Пленарлық отырыста балаларға медициналық көмек көрсетудегі негізгі жетістіктер, түйткілдер мен оны шешу жолдарын, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының педиатриялық қызметті одан әрі дамытудағы рөлін көрсететін баяндамалар тыңдалды.
Қатысушылар балалар ауруларын диагностикалау мен емдеудегі тәжірибесімен бөлісті, сонымен бірге, балалардың денсаулығын сақтау мәселесі бойынша пікір алмасты. Конференция өскелең ұрпаққа қамқорлық жасауды кәсіби тұрғыда ғана емес, міндет ретінде қарастыратын жандардың басын қосты. Барлық сессия бетпе-бет және онлайн форматтағы пікірталастар мен талқылауға толы қызықты баяндамалармен өтті.
Екі күнге созылған конференция бағдарламасы «Педиатрия мен неонатологияның өзекті мәселелері», «Балалар хирургиясы: заманауи әдістер мен бағыттар», «Орфандық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи мәселелері», «Онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары», «Патологиялық диагностиканың өзекті мәселелері», «Балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы мейірбикелердің рөлі» атты тақырыптарды қамтыды.
Конференция Қазақстан Республикасында педиатриялық қызметті дамытудың жоспарын белгілеген қарар қабылдаумен аяқталды.
Екі күндік форумды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының және Қазақстан педиатрлар одағының қолдауымен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы ұйымдастырды.