news-img

Нұр-Сұлтанда сарапшылар дөңгелек үстел аясында балаларды тәрбиелеуге кешенді тәсілдің маңыздылығы туралы айтты. Кездесу мақсаты – ҚР БҒМ әзірлейтін «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері» құжатының жобасына ұсыныстар әзірлеу және енгізу. 

Пікірталасқа үкіметтік емес білім беру ұйымдарының өкілдері мен  тәуелсіз сарапшылар қатысты. Кездесуді ұйымдастырушы – «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры.  

Құжат – қазақстандық білім беру жүйесі үшін басым бағыттардың бірі, көптеген әлеуметтік мәселелерді қозғайды, сондықтан жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырады.  

«Елбасы Академиясы» КҚ басқарушы директоры Алина Хаматдинованың айтуынша, сарапшылар қауымдастығын тұжырымдаманы талқылауға тарту арқылы негізі тиімді ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік туады. Оның айтуынша, қоғам үшін маңызды мәселелерді кеңінен талқылау мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылының күшеюі туралы айтылған Қазақстан Президентінің жолдауы аясында ерекше өзектілікке ие.

«Егер стратегиялық құжаттарда сарапшылардың, сала көшбасшылары мен қатысушылардың пікірі болмаса, онда олар халықтың нысаналы топтарына бағытталмағанын білдіреді. Тұжырымдама аясында баланың өзі осы құжат нәтижелерінің негізгі бенефициары болатындығын нақты түсіну керек. Жаһандық әлемдегі тәрбиенің заманауи әдістері тәрбиеге тек мектеп пен мұғалім емес, ата-ананың да жауапты болуын көздейді», - деп түсіндірді Хаматдинова.

Ал қоғамдық сарапшы, жобаны талқылау жөніндегі тәуелсіз жұмыс тобының бастамашысы Алмагүл Қанағатованың айтуынша, тәрбие беру тек мектепке ғана қатысты емес, бұл жалпы қоғамның да, ата-аналардың да жауапкершілігі. Сарапшылардың алдында тұрған басты міндет  – барлық тәжірибе мен білімді оқушыға, мұғалімге және ата-анаға түсінікті болатын ортақ құжатқа жинау екенін түсіндірді.

 

Баланың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандырмай білім беру мәселелерін шешу мүмкін емес. Бұл туралы өз сөзінде құқық PhD докторы, адам құқықтарын, инклюзияны және азаматтық қоғамды зерттеу орталығының директоры Халида Ажигулова айтты. 

«Сабақ барысында «Әрбір адамның құқығы бар, адам – бұл ең жоғары құндылық» деп бірнеше рет қайталап айтуға болады, бірақ бала дәретханаға кіріп, дәретхана қағазы жоқ екенін көрсе немесе оқушы сыныпта өз пікірін білдірсе, ал мұғалім оған айқайласа, бағасын төмендетсе, бала бұл сөздердің жалған екенін сезеді. Ол мектептегі білім беру жүйесі айтқан  құндылықтардың жәй сөз екен деп қабылдайды», - деді Әжіғұлова. Ол сондай-ақ, қоғам мектеп түлектерінің арасында болып жатқан оқиғаларға алаңдайтынын және олардың адамгершілік қасиеттерге ие болуын қалайтынын айтты.  

Сарапшы Сұлтанбек Қайым тәрбие мәселелеріндегі ұлттық және жеке сәйкестіліктің маңыздылығы туралы айтты. 

«Біздің өсіп келе жатқан ұрпағымызда дамудың көптеген балама жолдары бар және бұл жолды таңдауға көптеген түрлі жолдар әсер етеді. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі әскери жетістіктерге, әртүрлі саясаткерлердің амбицияларына байланысты емес, ол адамдардың өз бірлігін қаншалықты сезінетініне және өздерінің барлық әлеуетін іске асыра алатынымен байланысты», - деді спикер.

Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар талқылау барысында балаларды дамыту мен тәрбиелеудің әртүрлі тұжырымдамалары, өскелең ұрпақтың алдында тұрған заманауи әдістер мен сын-тегеуріндер мәселелерін талқылады. Сарапшылар кездесудің маңыздылығы қатысушылар арасында пікір алмасуда ғана емес, қорытынды құжаттың қоғамның, мақсатты аудиторияның және барлық мүдделі тараптардың мүдделерін көрсетуінде және шын мәнінде тиімді жұмыс істеуінде екенін атап өтті.  

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша барлық сындарлы ұсынымдар жиналып, қарастырылады, сондай-ақ қоғам, сарапшылар, ҮЕҰ өкілдері мен жұмыс тобы арасындағы өзара іс-қимылдың тетігі айқындалатын болады. 

Түсініктеме қалдыру