news-img

Алматыда XIX республикалық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауы қорытындыланды.

Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен, сонымен қатар Қырғызстан мен Ресейден 650 дарынды бала қатысты. Екі күн бойы олар «Хореография», «Вокал», «Халық орындауы», «Аспаптық орындау» және «Көркем оқу» номинациясы бойынша өнерін көрсетті.

Байқауға қатысушылардың өнерін беделді әрі кәсіби қазылар алқасы бағалады: олар ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Кәрима Сахарбаева, ҚР ІІМ мәдени орталығының жетекшісі Анзор Георбелидзе, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің жетекші педагог-хореографы Ғайникамал Бейсенова, вокал бойынша педагог, композитор Зәуре Бейімбетова.

«Ақ көгершін» фестиваль-байқауы көптеген жас таланттың томағасын сыпырған алаң. Осы жылдар ішінде жобаға он мыңнан астам дарынды бала қатысты. Бүгінде олардың дені музыкалық мектепте оқиды, «Мәдениет және өнер» бағыты бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері атанған.

- Біз өнерге және сұлулыққа бала кезден тәрбиелеу керектігін білеміз. Балалар байқауы – балаға жақсылық жасаудың алтын кілті! Еліміздің түкпір-түкпірінде ертең халықтың мақтанышы болатын небір дарынды балалар өсіп келеді. Біздің басты міндетіміз – дарынды балалардың шығармашылығын қолдауға көмектесу, олардың үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік жасау, - дейді «Ақ көгершін» қоғамдық балалар қорының президенті Тамара Ескенова.

Биылғы фестиваль-байқаудың жеңімпаздары:

   •«Тұмарханым» ансамблі (Алматы қ.).
   •«Гүлдерай» ансамблі (Атырау қ.).
   •«Аянат» ансамблі (Алматы облысы).
   •«Трио» ансамблі (Ресей).
   •«Назқоңыр» ансамблі (Теміртау қ.).
   •Тұрсынжан Перизат (Алматы қ.).
   •Талғатбек Абылай (Алматы қ.).
   •Құсайынова Риана (Алматы қ.).
   •«Арман» ансамблі (Екібастұз қ.), 
   •Біртай Наурызбай (Алматы облысы).

XIX республикалық «Ақ көгершін» фестиваль-байқауын Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен «Ақ көгершін» қоғамдық балалар қоры өткізді.

Түсініктеме қалдыру