news-img

Бүгін Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасында балаларды оңалту және «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды.

Жыл сайын екі орталық даму кемістігі және олардың туындау қаупі бар 1200 баланы қабылдайды. Мұнда бала туғаннан бастап есейгенге дейінгі денсаулығын тұрақты бақылауды қамтамасыз ететін оңалтудың бірегей моделі қолданылады.

Орталықтарда балалармен реабилитолог-дәрігер, невропатолог, ЕДШ нұсқаушысы, эрготерапевт, логопед және дефектолог мамандардан құралған кәсіби команда жұмыс істейді.  Барлық маман оңалтуда көп жылдық тәжірибесі бар үздік оқыту орталықтарында біліктілікті арттыру мен қайта даярлау курстарында оқыды. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қаржыландырады, ал «Samruk-Kazyna Trust» қоры сараптамалық сыныптағы заманауи медициналық оңалту жабдықтармен қамтамасыз етті. Облыстық әкімдік жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетті. 

Орталықтарда интерактивті және сенсорлық бөлмелер, тұзды бөлмелер, тренажерлер және т.б. орналасқан.  

- 2020 жылдан бастап «Қамқорлық» бастамасы аясында жақын жерден сапалы қызмет көрсететін 15 оңалту орталығы, 16 инклюзияны қолдау кабинеті және 7 ерте араласу орталығы ашылды. «Қазақстан халқына» қоры орталықтарды жарақтандыруға көмектесіп, жобаны іске асыруды қолдады. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі барлық орталық тиімді кешенді оңалтуға жағдай жасайды, - дейді «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.

 «Қамқорлық» бастамасын іске асыру 2023 жылы да жалғасып, тағы 13 ерте араласу орталығы ашылады. Осылайша, жыл сайын Қазақстан бойынша нейро-ортопедиялық бұзылысы бар 21 000-нан астам бала кәсіби оңалтудан өтеді.

Түсініктеме қалдыру