news-img

2022 жылғы 29 қарашада "Үлкен Еуразия: белгісіздік дәуірінде диалог құру" тақырыбына арналған "Астана клубының" жетінші отырысы өтті.

«Астана клуб» халықаралық пікірталас алаңы тағы да көрнекті саяси қайраткерлерді, беделді ғалымдарды және ірі «талдау орталықтарының» жетекші сарапшыларын жинады.  «Астана клуб» Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы болып табылады.

Еуразиядағы саяси және экономикалық өзгерістердің негізгі тенденцияларын талқылау Францияның Париж қаласындағы "Континенттер диалогы" форумымен бірлесіп көшпелі сессия форматында өтті. 

Іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары Бреттон-Вудс жаңарту комитеті (RBWC), Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Қор жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) болды.

Отырыстың негізгі сессиясының жұмысына Әлемдік экономика және саясат институтының директоры-Ержан Салтыбаев, әлемдік экономист, Нью-Йорк университетінің құрметті  экономика профессоры -Нуриэль Рубини;  бейбітшілік Нобель сыйлығының лауреаты (2007), БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) мүшесі - Чон Рэ Квон; Жаңа американдық қауіпсіздік орталығының (CNAS) Үнді-Тынық мұхиты бағдарламасының директоры, Ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша Президент көмекшісінің орынбасары (2017–2021) - Лиза Кертис; Византияны зерттеу орталығының директоры, Оксфорд университетінің профессоры -  Питер Франкопан.

Сессия жұмысын аша отырып, Ержан Салтыбаев қазіргі уақытта өзара эксклюзивті екі мегатренд күшейіп келе жатқанын атап өтті. Бір жағынан, біз жаһандану мен аймақтандыру бағытын байқаймыз, екінші жағынан жаһандық қатынастар тереңдей түсуде.

 "Жаһандану үрдісі жалғасуы әбден мүмкін, бірақ ол басқа нысандарға ие болады. Еуропа мен Азия Еуразия суперконтинентіндегі ерекше макроөңірлер болғанымен, олар іс жүзінде өзара тығыз байланысты біртұтас экономикалық кеңістіктің бөлігі болып табылады. Ал Орталық Азия мен Қазақстан бұл аймақтың негізгі елі ретінде осы кеңістіктің жиналу нүктесіне айналады», - деп түйіндеді ӘЭСИ директоры.

Бұл тақырыпты Питер Франкопан өз сөзінде жалғастырды, басталған жаһандану процесі жетекші халықаралық ойыншылардан каскадтық әсерге ие болатын жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайларға бейімделу қажеттілігін талап ететінін атап өтті.

Орталық Азия елдері алдында туындайтын сын-қатерлер туралы айта келе, Питер Франкопан: "Орталық Азия мемлекеттері күрделі маңайда тұр. Көп нәрсе көршілердің қайсысына – Ресейге немесе Қытайға басымдық беру керек екеніне байланысты".

Сарапшының пікірінше, Мәскеу мен Бейжің арасында маневр жасау қажеттілігі артып келеді, бұл аймақ елдерін сыртқы саяси стратегияны жүзеге асыруда ерекше тәсілді қолдануға мәжбүр етеді.

 Чон Рэ Квон сессияға қатысушылардың назарын Климаттық күн тәртібіндегі мәселелерге аударды: "Белгісіздік дәуірінде бір нәрсені сенімді түрде атап өтуге болады - ол климаттық өзгерістердің сөзсіз болуы".

Экологиялық дағдарысты еңсеру көбіне экономикалық өсу қажеттіліктері мен климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары арасындағы синергетикалық әсерге қол жеткізуге болатынына байланысты болады.

"Біз "жасыл" өсу идеясына келуіміз керек. Климаттың өзгеруін азайтуға бөлінген инвестициялар экономикалық өсудің драйверіне айналуы керек», - деді Чон Рэ Квон. "Жасыл" өсу идеяларын практикалық жазықтыққа көшірудің көрнекі мысалы Қазақстан бастамашы болған "Green Bridge" серіктестік бағдарламасы болып табылады.

Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстанның Еуропа мен Азияның энергия тапшылығы бар нарықтарында сұранысқа ие болуы мүмкін «жасыл» энергияны өндіруде айтарлықтай әлеуеті бар екені атап өтілді.

Еуразия кеңістігіндегі қазіргі геосаяси үрдістерді қарастыра отырып, Лиза Кертис: "Осы жылға дейін Ресейдің Орталық Азияға әсеріне күмән болған жоқ. Дегенмен, "геосаяси ауысым" аймақтағы елдер тек Ресейге ғана сенуі керек пе деген сұрақтарды тудырды".

Оның пікірінше, Ресей Федерациясының қатысуымен интеграциялық бірлестіктер аймақтағы ұжымдық және экономикалық қауіпсіздіктің маңызды элементі болып қала береді. Сонымен бірге қазіргі жағдай Орталық Азия мемлекеттерін ресейлік тараппен өзара әрекеттесу кезінде барынша сақ болуға мәжбүрлейді.

Қытайдың факторын ескере отырып, Лиза Кертис: "Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" бастамасының жобалары аймақ экономикасына оң әсер етті. Дегенмен, қытай инвестицияларының ашықтығы мәселесі әлі де сақталуда".

Сарапшының пікірінше, АҚШ пен ЕО алдында Орталық Азияға қатысты саясатты жандандыру үшін мүмкіндіктер терезесі ашылады. Бұл ретте Транскаспий көліктік және энергетикалық дәлізін ілгерілетуге ерекше назар аударылатын болады.

Жаһандық экономикаға елеулі әсер етуі мүмкін заманауи қауіптерді талқылай отырып, Нуриэль Рубини тұрақсыздықтың қазіргі жағдайы Еуразиядағы геосаяси процестерге әсер етеді деп қорытындылады.  "Бүгінде кем дегенде төрт әлемдік держава – Ресей, Қытай, ЕО және АҚШ Еуразияға ықпал ету және бақылау үшін күресуде", - деп атап өтті сарапшы.

Сарапшы жүргізген талдау осы қарсыласуға қатысушылардың әрқайсысының өз арсеналында күшті және әлсіз жақтары бар екенін көрсетті. Осылайша, демографиялық және экономикалық жағдайдың нашарлауын Ресей Федерациясына тән әлсіздіктерге, ал ҚХР-ға қатысты - өсіп келе жатқан мемлекеттік қарызға және биліктің авторитаризациясына жатқызу керек.

Талқылауды жалғастыра отырып, спикер Орталық Азия мен Кавказ елдері үшін өңірден тыс негізгі ойыншылар арасындағы теңгерімдеу саясатын жалғастыру түбегейлі маңызды екенін атап өтті. "Одақтастар шеңберін әртараптандыру қажет. Тек Ресейге, Қытайға, ЕО-ға немесе АҚШ-қа сенудің қажеті жоқ", - деп атап өтті Нуриэль Рубини.

Отырыс соңында сарапшылар Украина төңірегіндегі дағдарысты шешу аймақтың болашақ дамуын түсінудің шешуші сәттері болып табылатынын қорытындылады. Бұл ретте Еуразия өңірі, атап айтқанда Орталық Азия елдері геосаяси назардың жоғары аймағында қалатын болады. 

Естеріңізге сала кетейік, "Астана клубы" іс-шарасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары кезінде өткізілген болатын. Клуб отырысының барлық қатысушылары Қазақстан басшысының Парижге сапарының маңыздылығы мен уақыттылығын атап өтті. 

Түсініктеме қалдыру