news-img

Данияр Шәкенов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әлеуметтану» мамандығын тәмамдаған. Мектепті «Алтын белгіге» бітірген. Алматы облысы Іле ауданының №26 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы ретінде ол түрлі ғылыми жобаларға қатысты.

Мектептегі тәжірибесі студент кезде үлкен жетістіктерге жетуіне септігін тигізді. Атап айтқанда, XI республикалық студенттік пәндік олимпиадада «Парадигма» командасының құрамында II орын (2019), «Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясында II орын (2020), «Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясында I орын (2021), «Жылдың үздік студенті-2021» халықаралық байқаудың жеңімпазы (I дәрежелі диплом және медаль) және т.б.

Данияр университет қабырғасында өтетін түрлі олимпиадалар мен байқауларға қатысу, ең әуелі өзінің күшіңді сынап көру, сонымен қатар, адамның әлеуеті шексіз екеніне көз жеткізудің мүмкіндігі екенін айтады. 

- Қажырлы еңбек пен терең білім – жастарды жарқын болашаққа апаратын жол. Мен замандастарыма ешқашан тоқтамауға және жоғары жетістіктерге жетуге кеңес беремін. Себебі бүгінгі әрекет – ертеңгі жеңістің кепілі, - дейді Данияр Шәкенов.

Ғылыммен айналысу кейіпкерімізге әлемді жақсы тануға, қоғамда туындайтын әлеуметтік мәселені шешудің оңтайлы жолын табуға мүмкіндік береді.

Данияр Қордың шәкіртақысы туралы бірінші курста естіген. Сол кезде осы стипендияның иегері атануды мақсат тұтқан еді.

- Нұрсұлтан Назарбаев Қорының шәкіртақысы өнер мен ғылым саласындағы дарынды жастардың еңбегін тануға ықпал етеді деп санаймын. Бұл атақ өзімнің ішкі әлеуетімді білуге, биік белестерге жетуге, Отанымыздың өркендеуіне үлес қосып жатқанымды сезінуге, өзіме жүктелген жауапкершілікті алуға пайдасын тигізеді, - дейді Данияр Шәкенов.

Түсініктеме қалдыру