news-img

Елордада студенттер арасында дәстүрлі «Тұңғыш Cup 2023» Ұлттық пікірсайыс гранд-турнир өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «Еl Umiti» Қоры» КҚ ұйымдастырған турнир Astana Garden School мектебінде өтті.

Дебюттік біріншілік қазақ және ағылшын лигасы аясында ұйымдастырылды. Турнирге 160-тан астам қатысушы (80 команда) мен төрешілер қатысты. Іс-шара жастардың пікірталасқа деген қызығушылығы мен белсенділігін арттырумен қатар, білім мен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік береді. Турнир Қазақстандағы студенттік пікірсайыс қозғалысын дамытуға, парламенттік пікірсайыс технологиясын кеңінен насихаттауға, Республикалық студенттік пікірсайыс қозғалысын жандандыруға және еліміздің үздік пікірсайыс командаларын анықтауға бағытталған.

Биыл командалардың дені Астана мен батыс өңірінен болды. Екі лигадан үздік 40 пікірсайыс командасы іріктеуден өтті.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 2 000 000 теңге.

Турнирдің бас төрешілері: Бөгенбай Долдинов (Kultegin 2021 және Centran Asian Cup (Бішкек, Қырғызстан) пікірсайыстан халықаралық турнирлердің бас төрешісі, Элина Амурлаева («Небо кочевника 2022» пікірсайыстан халықаралық турнирдің жеңімпазы).

Бұған қоса, іс-шараға шетелдік сарапшы «Wien» (Вена) австриялық пікірсайыс клубының өкілі Бенджамин Спет шақырылды. Ол Uhuru Worlds 2023 үлкен финалында төрелік етті, Transrapid 2022 бас төрешісі болды.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар:

1-орын (қазақ лигасы) - Мәди Нұрланұлы және Жансая Қанағатова және (ағылшын лигасы) Саяқып Самат пен Темірзақұлы Бақберген алды;

2-орынды (қазақ лигасы) Бейсенбай Әлинұр мен Қуанышева Айтолқын, (ағылшын лигасы) Амангелдина Айнагүл мен Хайдар Құралай иеленді;

3-орын (қазақ лигасы) Мөлдір Баймұқан мен Құрмантай Дидар, (ағылшын лигасы) Айдын Дина және Рысқұлбек Нұрайға бұйырды.

Жеңімпаздарды құттықтап, жаңа табыстар тілейміз!

Түсініктеме қалдыру