Қордың стипендиаты Әсемай Пердебай: Әрбір қиындық дамуға жол ашады
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты Әсемай Пердебай Халықаралық білім беру корпорациясында жалпы құрылыс факультетінде 4 курсында оқиды. 20 жастағы бойжеткеннің мамандығы «Ғимараттар мен құрылыстарды есептеу және жобалау».
«Маған өмірді мәнді-мағыналы етіп, шығармашылығымды ашатын әртүрлі нәрсемен айналысқан ұнайды. Мысалы, тамақ істеу мен үшін жай ғана дәмді ас пісіру емес, бұл жақындарыма қамқорлық көрсетіп, өзіндік болмысымды танытатын өнер. Бұл әртүрлі ингредиент қосып, тәжірибе жасауға, әрқилы пішіндер арқылы ерекше нәрсе жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, менің өмірімнің ажырамас бір бөлігі – кітап оқу. Кітап білім көзі ғана емес, ол шексіз әлем мен идеяға апаратын жол. Кітап менің тұлға ретінде өсуіме және үнемі дамуыма түрткі болады», - дейді Әсемай.
Әсемай сәулет пен дизайнды зерттеуге қызығады, спортпен шұғылданады. Оның айтуынша, спорт дене шынықтырумен қатар денсаулық пен рухты нығайтуға септігін тигізеді.
«Осылайша, менің қызығушылығым шығармашылықты, білім және денсаулық сақтауды біріктіретін түрлі саланы қамтиды. Мұның бәрі мен үшін хобби ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі көрсету мен жеке дамудың формалары», - дейді Әсемай.
Әсемай Қордың стипендиясы туралы колледжде оқып жүргенде білген. Байқауға қатысу арқылы кемел келешек қалыптастыруға елеулі үлес қосатынын, өмір сапасын одан әрі жақсартудың және жалпы қоғамға ықпал етудің кілті болатынын білген.
«Қиындыққа тап болған кезде әрбір қиындық дамуға жол ашатынын ұмытпаңыз. Өміріңіз бен қоғамдағы өзгерістердің бастамашысы болыңыз. Ата текті біліңіз, дәстүрді дәріптеп, талғар биіктерге ұмтылыңыз. Егер осындай шәкіртақы алуға мүмкіндік берілсе, оны өзіңіз үшін ғана емес, қоғам игілігі үшін де қолданыңыз. Зерттеңіз, жасаңыз, біліміңізді бөлісіңіз. Бірігіп жарқын болашақ құрамыз, оған әркімнің үлес қосуы маңызды», - дейді Әсемай Пердебай.