Қазақстанда сапалы оңалту одан сайын қолжетімді бола түсті
Қызылорда облысы Жаңақорған ауылында Жаңақорған көпсалалы орталық аудандық ауруханасының базасында алғашқы «Қамқорлық» ауылдық оңалту орталығы ашылды. Бұл «QH Аудандық оңалту орталықтары» жобасының алғашқы орталығы, оны «Қазақстан халқына» ҚҚ мен және «Қамқорлық» КҚ ашқан.
Аймақ ұзақ уақыт бойы осындай орталыққа зәру еді, өйткені облыста 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 6,5 мыңнан астам бала бар. Оның ішінде 1900-ге жуық бала Жаңақорған, Шиелі, Қазалы аудандарында тұрады.
ҚР Конституциясы күніне орайластырылған орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қамқорлық Қоры» КҚ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының басшысы Гүлзия Бидатова және «Қамқорлық Қоры» КҚ директорының орынбасары Гүлмира Әбелдинова қатысты.
Орталық жыл сайын нейро-ортопедиялық бұзылысы бар ауылда тұратын 600 баланы қабылдайды. Облыс әкімдігі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, болашақ пациенттер үшін қолайлы жағдай жасады. Орталық заманауи әрі жоғары технологиялы құралдармен жабдықталған, бұл мамандарды жақсы жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Құрылғыларды сатып алуға «Қазақстан халқына» ҚҚ қаржылық көмек көрсеткен.
Орталықта жұмыс істеу үшін дәрігер-невролог, дәрігер-реабилитолог, логопедр, ЕДШ нұсқаушысы, дефектолог, еңбек терапевті, психолог сынды тамамандардың мультидисциплинарлық тобы дайындалды. Қызметтің кәсібилігі мен сапаның жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін оқу бірнеше кезеңнен тұрады. Алдағы екі жылда мамандарды жергілікті жерлерде оқыту үшін халықаралық тәлімгерлерді тарту көзделген. Мамандарды оқытуды Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен «Қамқорлық қоры» КҚ ұйымдастырды.
«2020 жылдан бастап өңір әкімдіктерімен, «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп 15 мемлекеттік оңалту орталығы және 17 ерте араласу орталығы ашылды. Жобаларды жүзеге асыру барысында облыс орталықтарына жолдың қашықтығы, жолдың сапасыздығы және жол жүрудің қымбаттығы ауыл тұрғындарының қажетті оңалту қызметін алу мүмкіндігін айтарлықтай шектейтіні анықталды. Аудандық оңалту орталығын ашу – бұл ауылдық жерлерде тұратын балаларға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі мәселесін шешудегі маңызды қадам. Біз отбасының қалаға барып, алыс жолға ақша шығындамай-ақ, өзі тұратын ауданда тиісті көмек ала алатындай үздік әлемдік тәжірибені енгізіп жатырмыз. Бұл жаңалық - еліміздің медициналық инфрақұрылымын дамытуға қосқан елеулі үлес. Ауыл балаларының оңалту қызметін алудағы теңсіздікті азайтуға және денсаулығы мен әл-ауқат деңгейін арттыруға көмектеседі», - деді «Қамқорлық Қоры» ҚҚ директорының орынбасары Гүлмира Әбелдинова.
Жаңа орталық балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, жақын жерден жоғары сапалы оңалту қызметін алуды қамтамасыз етіп, барлық өңірді қамтиды. «Қазақстан халқына» ҚҚ-мен бірлесіп «Қамқорлық қоры» КҚ жүзеге асыратын «QH Аудандық оңалту орталықтары» қайырымдылық жобасы аясында Қазақстан бойынша тағы осындай 20 орталық ашу жоспарланып отыр.