news-img

Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектебі-интернатының 5 «А» сынып оқушысы Насыр Тарлабек тағы да әлемдік деңгейде танылды. 

Түмен қаласында өткен «Ресей чемпионаты» халықаралық байқауында Насыр 21 қатысушының арасынан суырылып шығып, жүлделі үшінші орынды иеленді.

Насыр бұл жеңіске жас мәдениет және өнер қайраткерлерін қолдау қорынан алған грантының арқасында қол жеткізді. Грант оның жүріп-тұру шығынын толықтай қамтамасыз етіп, Қазақстанның намысын халықаралық деңгейде қорғауына жол ашты.

2024 жылы Насыр бірқатар ірі жетістікке жетті:

• Қазақстанда өткен XII Республикалық жас орындаушылар байқауында — ІІ орын;

• Ұлыбританияда өткен халықаралық онлайн-фестивальде — І орын;

• Ресейде өткен ашық аккордеон және баян аспабы бойынша чемпионатта — ІІ орын;

• АҚШ-та өткен Accordion Star International 2024 байқауында — І орын;

• Италияда өткен CMA Trophée Mondial чемпионатында — ІІІ орын және арнайы «Әлемдік трофей» номинациясы;

• Алматыда өткен Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауында — І орын;

• Францияда өткен CMA Trophée Mondial байқауында 10 жас санатында — І орын және абсолютті әлем чемпионы атағы.

Насырдың келесі белесі — Францияда өтетін кезекті Trophée Mondial байқауына қатысу. Бұл айтулы байқау қатысушылардан жыл сайын күрделі туындыларды орындауды талап ететіндіктен, дайындық ертерек басталады.

Насырдың жетістігі оның дарыны мен табандылығының, сондай-ақ, бірінші сыныптан бастап оны баян аспабында ойнауға баулыған ұстазы Ғалымжан Нәрімбетовтің еңбегінің жемісі.

Насырдың оқиғасы — Қазақстаннан шыққан жас дарындардың гранттық бағдарламалар арқылы халықаралық деңгейде мойындалуына нақты мысал.

Бөлісу