Дауыстары әлемді тамсандырған: Қазақстан халықаралық опера сахнасында

Молдова астанасы Кишинёв қаласында ХХ ғасырдың аты аңызға айналған сопраносының құрметіне арналған «Мария Чеботарь» II Халықаралық опера әншілері байқауы өтті. Бұл – түрлі елдердің таланттарын біріктіріп, оларды биік өнерге шабыттандыратын беделді музыкалық байқау.
Бұл шығармашылық жоба 2023 жылы Молдова Республикасының Мәдениет министрлігі, Молдова музыканттары одағы, «Телерадио-Молдова» компаниясы және Мария Биешу атындағы Ұлттық опера және балет театрының бастамасымен ұйымдастырылған.
Биылғы музыкалық додада Молдова, Украина, Оңтүстік Корея, Германия, Қазақстан және Румыния елдерінің әртістері өнер көрсетті. Финалдық концерт маэстро Денис Чаусов басқарған Ұлттық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті.
Қорымыздың гранттық қолдауының арқасында Қазақстанның атынан бұл байқауда екі талантты әртіс – Талғат Аллабиринов пен Әйгерім Аманжолова өнерін көрсетті.
Олардың өнері көпшіліктің көңілінен шықты. «Астана Опера» театрының опера труппасының стажёр-солисі Талғат Аллабиринов I дәрежелі лауреат атанса, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның солисі Айгерім Аманжолова дипломант атанып, қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болды.
Бұл әртістердің шығармашылық жетістіктері зор:
• Әйгерім – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Ресейдегі «Орфей» халықаралық байқауының I орын иегері, Тілендиев атындағы вокалистер халықаралық байқауының Гран-при иегері (Қазақстан), М. Глиэр атындағы халықаралық вокалистер байқауының Гран-при иегері (Ресей) және т.б.
• Талғат – «Возрождение» халықаралық вокалдық байқауының Гран-при иегері (Ресей), «Орфей» халықаралық байқауының I орын иегері (Ресей), «Жұбановтар әуені» халықаралық вокалдық байқауының I орын иегері (Қазақстан) және т.б.
Қазақ орындаушыларының халықаралық сахналарды тамсандырып жарқын өнер көрсетуі – біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл жетістік – олардың жеке жеңісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық музыка мектебіміз бен мәдениетіміздің әлемге танылуына қосылған сүбелі үлес.
Браво, Талғат! Браво, Әйгерім! Алда бұдан да ірі сахналар, қошемет пен жеңіс болсын!