Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Тұңғыш Президент музейі делегациясы Рональд Рейган Президенттік кітапханасы мен музейінің жұмыс тәжірибесін зерделеп жатыр

АҚШ-қа ресми сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Тұңғыш Президент музейі делегациясы Рональд Рейган Президенттік кітапханасы мен музейі басшылығымен жұмыс бабымен кездесті.
Музей директорының орынбасары міндетін атқарушы мырза Айра Пемстайнмен болған кездесуде АҚШ-тың 40-президентінің мұрасын сақтау және насихаттауға бағытталған мекеме қызметінің негізгі аспектілері талқыланды.
Айта кетейік, Рональд Рейган Президенттік кітапханасы мен музейі 1991 жылы Сими-Вэлли қаласында ашылған. Бұл ұйымдар АҚШ-тың 40-президентінің өмірі мен қызметіне қатысты тарихи мұраларды, мұрағат материалдарын және музейлік топтамаларды сақтайды.
Сапар барысында музейдің сәулеттік шешімімен, экспозициялар тұжырымдамасымен, интерактивті және цифрлық технология қолдануымен, сондай-ақ музей менеджментінің қағидаттары және түрлі аудиториялармен жұмыс істеу тәжірибесімен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік берген шолу экскурсиясы ұйымдастырылды.
Кездесу кезінде кітапхана мен музейдің тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететін ұйымдық, әкімшілік және басқару тәжірибелерін, құрылымы мен тетіктерін зерделеуге ерекше назар аударылды. Делегация музейлік, кітап және мұрағат қорларын қалыптастырудың озық әдістерімен, жинақтау жұмыстарын ұйымдастырумен, сондай-ақ, президенттік мұраны сақтау, цифрландыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету жүйелерімен танысты.
Сондай-ақ, қор қалыптастыру тәжірибесі бойынша нысандарды іріктеу критерийлері, олардың сараптамалық бағалау рәсімдері және топтамаларды мемлекет қажетіне беру, сыйға тарту және сатып алу арқылы толықтыру механизмдері жөнінде маңызды ақпарат алынды.
Делегация экспозициялық-көрмелік қызмет, тарихи мұраны цифрлық платформалар, білім беру бағдарламалары және қоғамдық бастамалар арқылы ілгерілету стратегияларын да зерттеді.
Бұл сапар музейлердің жұмыс тиімділігін арттыруға және Қазақстан Республикасының ұлттық тарихи мұрасын сақтауға бағытталған тәжірибе алмасу мен халықаралық әріптестікті дамытудағы маңызды қадам болды.