Әсет Исекешев Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы Қорының жұмысы туралы есеп берді
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешевті қабылдады.
Кездесу барысында Әсет Исекешев 2019 жылғы жұмыс нәтижелері мен 2020 жылға арналған негізгі міндеттер туралы баяндады.
2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры 95 жобаны іске асырды. Бұл - білім беру саласындағы - шығармашылық пен ғылым саласындағы дарынды жастар мен балаларды қолдауға бағытталған жобалар. Сонымен қатар, әлеуметтік жобалар, оның ішінде қайырымдылық шаралары да бар. Барлық жоба 461 мың адамды қамтыды.
Әсет Исекешев 2020 жылға арналған жоспарлар туралы баяндамасында Қорды трансформациялау жұмысы шеңберінде келесі бағыттардың анықталғанын атап өтті:
-Білім, ғылым, және инновация;
-Инклюзивті қоғамның дамуына ықпал ету;
-Стратегиялық сараптама;
-Мәдениет, әдебиет, мемлекеттік тілді дамыту саласындағы жобаларды қолдау;
- Халықаралық ынтымақтастық.
Әр салада жобаларды басқару ұстанымдарын қолдана отырып, жұмыс топтары құрылған. Жалпы, 2020 жылы бұл аталған бағыттар бойынша 125 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ҚР Үкіметінің қолдауымен іске асырылып жатқан «Қамқорлық» және «ЕЛ ҮМІТІ» бастамалары туралы егжей-тегжейлі баяндалды.
«Қамқорлық» бастамасы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және облыс әкімдіктерімен бірлесіп жүргізілуде.
«Қамқорлық» бастамасын іске асыру аясында Елбасы Қорының қызметкерлері Қостанай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Түркістан облыстарындағы ауруханалар мен мектептерде болды.
Өңірлерге сапарлардың нәтижесінде аймақтық әкімдіктермен бірлесе отырып, 8 оңалту орталығы және 16 инклюзивті қолдау бөлмелері ашылатын мекемелер таңдалған. Сонымен қатар, әкімдіктермен бірге қажетті кадрлар анықталды. Ақпан айында мамандарды даярлау жұмыстары басталады. Қазіргі уақытта оңалту орталықтары мен инклюзия бөлмелері үшін қажетті жабдықтар алынуда.
«ЕЛ ҮМІТІ» бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, қоғамдық ұйымдармен, бизнес қауымдастықпен және облыс әкімдіктерімен бірлескен мектептер мен университеттердің оқушыларын қамтитын 10 бағытта жұмыс басталды. Соның ішінде «Мың бала» олимпиадасы, «Ел мақтанышы» халықаралық олимпиада жеңімпаздарына арналған сыйлық, «Кибернация» бағдарламалаудың қашықтықтан оқыту мектебі, болашақтың мамандықтары бойынша орталықтар, балалар мен жастарды белсенді азаматтық пен патриотизм үшін марапаттау бағдарламасы және т.б. бар.
Сонымен қатар, стратегиялық аналитиканың дамуы туралы жан-жақты айтылды. Әлемдік экономика және саясат институтының негізінде геосаясат, экономика, адами капитал, әлеуметтану және өңірлік зерттеулер т.б. салалар аясында зерттеулер жүргізу үшін стратегиялық ойлау орталығы құрылады.