ҚР Тұңғыш Президент Қоры мұғалімдер үшін дамытушы пікірталас алаңын іске қосты
Бүгінгі күні Қазақстанның білім беру жүйесінде мектептерді, колледж бен университеттерді онлайн білім алу форматына көшіру бойынша қызу жұмыс атқарылуда. Коронавирус карантиніне байланысты білім беру сапасын жоғалтпай қашықтан білім беру форматына қысқа уақытта көшу қажеттілігі туындады.
Орын алған жағдайды ескеріп, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры мен «Елбасы Академиясы» корпоративті қоры fpp.kz сайтында «Birge oqý» дамытушы пікірталас алаңын іске қосуда.
Қазақстандықтардың қашықтан білім алу форматына көшу барысы нәтижелі және ыңғайлы болуы үшін «Birge oqý» жобасы мұғалімдерге онлайн білім берудің қыр-сырын таныстырып, жаңа технологияларды меңгеруге көмектесу, сондай-ақ ата-аналардың қорқынышын сейілтіп, дақпыртты болдырмау, жаңа мүмкіндіктермен таныстыру, балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беру мақсатын қойып отыр.
«Birge oqý» мұғалімдерге онлайн оқытудың жаңа технологиялары мен ресурстарын, ата-аналарға жаңа мүмкіндіктер туралы ақпарат беріп, туындап отырған уайымдарын алдын алуға, ал балалар үшін сапалы онлайн-білім алу жолдарын кеңейтуге бағытталған жоба.
«Birge oqý» жобасының негізгі бағыттары:
- Мектеп мұғалімдеріне, қосымша және арнайы білім беру ұстаздарына, сондай-ақ ата-аналарға арналған пікірталас алаңының негізінде берілетін оқыту курсы. Ақысыз негізде жүргізіледі.
- Қазақстанда және әлемдегі онлайн білімді енгізу туралы жаңалықтармен бөлісу.
- Онлайн білім алудағы ең үздік ресурстардың тізімін ұсыну, шолулар, авторлық бағаналар.
Платформа мұғалімдерге қашықтан білім беруді қалай және неден бастау керектігін түсіндіретін көмекші және серіктес бола алады. Онлайн білім берудің негізгі құралдарын, нұсқаулық пен техникасын көрсетіп, түсінікті айтып береді. Курс барысындағы барлық процестер мессенджерлер, www.fpp.kz сайтының пікірталас алаңындағы топтары мен call-орталық арқылы кері байланысты ескере ұйымдастырылады.
Алаңды құру барысында көптеген жылдар бойы онлайн-білім беру саласында жұмыс істейтін, бұл оқытудың ерекшеліктері мен қағидаларын білетін озық отандық мұғалімдердің тәжірибесі ескерілді. Ауылдық жерлерде онлайн оқытуды ұйымдастыру құралдарын зерттеуге ерекше көңіл бөлінеді.
Қолданушылар үшін видео және аудио сабақтар, конспектілер мен жаттығулар ұсынылатын болады. Материалдар кері байланыс арқылы алынған ұсыныстарды қоса алғанда күнделікті жаңаланып, толықтырылады. Бұдан бөлек платформа негізінде қолданушылардың жеке контентін жариялау, арнайы кеңестермен бөлісу, түрлі байқаулар мен сауалнамаларға қатысу мүмкіндігі көзделген.
Платформаның әлеуметтік желі форматында ұйымдастырылуы ең үздік тәжірибелермен тез арада бөлісуге, онлайн білім алудың өзекті мәселелерін талқылауда, мәселелердің шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.
Қолданушыларға ыңғайлы болу үшін Youtube, What’s App, Facebook, Instagram, Odnoklassniki, Telegram желілерінде «Birge oqý» жобасының парақшалары іске қосылған. Сондай ақ 7170 нөмірі арқылы сall-орталыққа (қоңырау шалу тегін) хабарласуға болады.