news-img

НҰР-СҰЛТАН/АЛМАТЫ/ЛОНДОН, 21.04.20 ж. – Орталық Азиядағы тұрақты даму мүддесі үшін серіктестік пен ынтымақтастық орнату мәселелері  2020 жылдың 10-20 сәуір аралығында онлайн форматта өткен Тұрақты даму және инновация бойынша III Орталық Азиялық ғылыми форумның пленарлық отырысының басты тақырыбы болды. Форумның өтуіне ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен Қор жанындағы Ғылым жөніндегі кеңес белсенді ат салысты.

COVID-19 пандемиясына қарамастан, Лондонда наурыз айының соңында өтуі жоспарланған  форум,  Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен 10-20 сәуір аралығында жаңа онлайн форматта өтті.

Форумның негізгі мақсаты - Орталық Азияның талантты зерттеушілеріне аймақтың орнықты дамуы бойынша озық зерттеу жобаларын таныстыру және талқылау үшін алаң ұсыну. Форум сонымен қатар мемлекеттік органдардан, бизнес құрылымдардан және қоғамдық ұйымдардан Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуына бағытталған ғылыми жобаларға әлеуетті серіктестерді іздеуге және тартуға қызмет етеді.

Бірнеше күн қатарынан  форумға қатысушылар заманауи ғылым мен өнеркәсіптің ең өзекті тақырыптарын талқылады. Назарбаев Университеті, Лондон университетік колледжі, Лафборо, Кардифф, Манчестер, Еуразия технологиялық университеті, Вагенинген университеті сынды жетекші білім ордаларының докторанттары мен ғалымдары робототехника, жасанды интеллект, білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және т.б.саладағы инновациялық идеялар мен әзірлемелерді ұсынды.

10 сәуірде «Қазақстанда өзара тиімді принцип бойынша табысты ғалымның карьерасын қалай құру керек: жас зерттеушілерге арналған кеңестер» тақырыбында форум алдындағы сессия өтті. Сессия соңы «BBC World News» Еуразиядағы коммерциялық өкілдіктің басшысы Сергей Становкин медиа және байланыс орнату тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.

13 сәуірде форум Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Ирина Смирнова мен Нұржан Алтаевтың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Тұрсынбекованың қатысуымен гендерлік теңдік жөніндегі сессиямен жалғасты. Сессияны Еуразия технологиялық университетінің ректоры, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Ғылыми кеңестің мүшесі Жанар Темірбекова жүргізді. Талқылауға сондай-ақ  Қазақстан мен Орта Азиядағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету тақырыбында ЕТУ, Нархоз және Венгрия зерттеушілері қатысты.

14 сәуірде «Тұрақты даму мақсаттарына жетуде робототехника мен жасанды интеллекттің рөлі» сессиясы өтті. Королева Мария университетінің докторанты Бөкейхан Өмірәлі күрделі тапсырмаларды орындау үшін операторға робот қимылдарын қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін виртуалды шындық саласындағы ғылыми-зерттеулер туралы баяндады.  

15 сәуірде білім берудегі тұрақты даму мәселелері, оның ішінде инклюзивті білім беру, балаларды кибершабуылдан қорғау, университеттердегі кәсіпкерлік экожүйе және т.б. тақырыптар  талқыланды. Оған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнур Карбозова, Қазақстандағы British Council директоры Роуэн Кеннеди, Британ- Қазақ қоғамының Білім комитетінің төрағасы Дэвид Харди, Ұлттық үстаз online академиясы»  басшысы Гүлмира Құрғанбаева, UNESCO білім беру  бағдарламалары жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Мейіргүл Алпысбаева және «Астана» халықаралық қаржы орталығының үздіксіз кәсіби даму технологиялық бюро департаментінің басшысы  Элмира Обри қатысты.

16 сәуірде өткен денсаулық пен тұрақты даму жөніндегі сессия жаңа коронавирусқа қарсы дәрі мен вакцина жасау саласындағы озық әзірлемелер тақырыбын қозғады. Кардифф университетінің студент-докторанты Мұхит Құлмағанбетов SARS-CoV-2 (жаңа коронавирус) сыртқы мембранасын емдеу және вакцина ретінде пайдалану жобасын ұсынды.

17 сәуірде «Энергетика және ресурстар тиімділігі» сессиясында жаңартылатын энергия көздеріне көшу кезінде туындайтын мәселелер талқыланды.
Талқылау барысында мемлекет пен бизнес секторының өкілдері әлеуеті жоғары ғылыми жобаларда ғалымдармен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін қарастырды.

Форумның соңғы күні өткен пленарлық сессияға Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, Британ-Қазақстан қауымдастығының төрағасы Руперт Гудман, "Елбасы Академиясы" корпоративтік қорының директоры Фархад Қуанғанов, Лафборо Университетінің зерттеу жұмыстары бойынша проректоры, профессор Стив Ротберг, Қазақстандағы БҰҰ жаһандық коммуникация департаментінің өкілі Властимил Самек, Данди университетінің Энергетика, мұнай және минералды құқық және саясат орталығының энергетикалық заңдар және жаһандық реттеу бойынша профессоры Фолькер Рубен, Еуропа және Орталық Азия елдерінің білім беру бойынша Британдық кеңесінің директоры Ричард Эверитт, Еуразиядағы BBC World News коммерциялық өкілдігінің басшысы Сергей Становкин, One Young World Жас көшбасшылардың халықаралық ұйымының даму жөніндегі директоры Тесса Далинг, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) стратегиялық даму мәселелері жөнідегі бас директоры Александр Ван де Путт, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Алия Галимова, EXPO & Women халықаралық ұйымының атқарушы директоры Ләззат Асқарова қатысты.

Сессияның мақсаты ТДМ-ге  қол жеткізу үшін жергілікті және ғаламдық деңгейде мүдделі тараптарды біріктіру: венчурлық капиталды қоса алғанда мемлекеттік және индустрия саласының өкілдері, сондай-ақ ғалымдар.  

Өз сөзінде Елші Е.Ыдырысов COVID-19 пандемиясымен байланысты қазіргі жағдай заманауи әлемнің негізгі мәселелерін, атап айтқанда өз-ара сенімсіздік, іс-қимылдарда үйлесімдіктің жоқтығы, жаппай жалған ақпарат тарату сияқты проблемаларды ашып көрсеткендігін атап өтті.  Сондықтан осы тектес форумдар пандемиядан кейінгі өмірге қатысты сұрақтарға жауап іздеу тұрғысында өте маңызды.

Форум осымен үшінші жыл өткізіліп келеді және оның өтуіне  Ұлыбританиядағы Қазақстандық PhD қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, Ұлыбританиядағы Қазақстан Елшілігі,  Қазақстандағы БҰҰ ақпараттық бюросы,  Британ-Қазақ қоғамы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Еуразия технологиялық университеті,  Астана халықаралық қаржы орталығының үздіксіз кәсіби даму бюросы және Лафборо университеті қолдау көрсетті. 

Форумның пленарлық және басқа сессияларының жазбаларын Ұлыбританиядағы Қазақстандық PhD қауымдастығының  сайтынан көруге болады.

 

 

Түсініктеме қалдыру