news-img

АЛМАТЫ. БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ МФПП. 8.06.20 - Қазақстанда 9 маусымда музыкалық мамандықтардың студенттері мен оқушыларына арналған «Қазақтың скрипкалы музыкасының хрестоматиясы» жинағының онлайн-тұсаукесері өтеді.  Құрал авторы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының професоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қожамқұлова Балым Серәліқызы. Жинақты басып шығару ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен шығармашылық жоба құру гранты аясында жүзеге асырылды.

«Арт-Мирай» қорының жетекшісі Әсел Имае  Мәдениет және өнер саласындағы шығармашылық жобаларды қолдауға бағытталған  Елбасы Қорының гранттар конкурсына қатысып, «Қазақтың скрипкалы музыкасының хрестоматиясын» шығару грантын ұтып алды. «Арт-Мирай» Қорының миссиясы қазақ академиялық музыкасын әлемдік қауымдастықта тарату үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

«Қазақтың скрипкалы музыкасының хрестоматиясы» жинағы үш бөлімнен, ал олардың әрқайсысы скрипка мен клавир үшін екі ноталық дәптерден тұрады. Қайта басып шығару 300 дана тиражбен шығарылды және тегін таратылады. Ең алдымен, музыкалық құрал еліміздің музыкалық оқу орындарының кітапханаларына жіберілді.

- Қазақстанда өнер және мәдениет саласында жарық көрген хрестоматиялар, кітаптар, оқулықтар мен ноталар жинақтары көп. Дегенмен, музыкалық оқу орнының басшысы ретінде, ішекті аспаптар үшін жазылған қазақстандық композиторлардың шығармаларының жетіспейтінін айта аламын. Бұл жинақ бірегей деп атауға болады, өйткені скрипкамен қатар бұл оқулықты прима-қобыз сияқты қазақ халық аспаптарында ойнау үшін де қолдануға болады. Оқулыққа қазақ композиторлары Е. Брусиловский, М. Төлебаев, . Н.Мендіғалиев, Құрманғазы, Ғ. Жұбанова, А. Серкебаев, М. Сағатовтың бірегей шығармалары кірді.  Б. С. Қожамқұлованың «Қазақтың скрипкалы музыкасының хрестоматиясы» қайта шығуы қазақ академиялық музыкасын танымал  етуге үлкен үлес болады деп есептеймін, - деп атап өтті ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы мәдениет жөніндегі кеңестің төрағасы, П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев.

Онлайн-тұсаукесерге Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының професоры, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Қазақтың скрипкалы музыкасының хрестоматиясы» жинағының авторы Балым Қожамқұлова; докторант, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры жанындағы Мәдениет жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Гаухар Тасбергенова; өнертану докторы, ҚазҰӨУ құрметті профессоры, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі Дана Жұмабекова; Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының професоры, педагогика  ғылымдарының кандидаты Сәуле Жүсіпова; композитор, пианист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық конкурстардың лауреаты, ҚР Композиторлар Одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фортепиано кафедрасының профессоры, Ж. Жабаев атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі Гүлжан Үзенбаева; білім беру саласының үздігі, Капричио  камералық оркестрінің және скрипкашылар ансамблінің жеткшісі, «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» ММ кешенінің "Ішекті аспаптар" бөлімінің меңгерушісі Яна Касьян;  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ішекті аспаптар кафедрасының доценті,  П. И. Чайковский  атындағы АМК педагогы Айжан Бекенова; композитор, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, жинаққа енген оркестрмен скрипкаға арналған концерттің авторы Шырын Базарқұлова және т.б. қатысады.

Сондай-ақ, тұсаукесер аясында музыканттардың өнер көрсету концерті өтеді.

Іс-шара Тұңғыш Президент Қорының YouTube-платформасында мына сілтеме бойынша өтеді: https://www.youtube.com/watch?v=6b5Edn0vyzs.
Басталуы сағат 15:00-де.

 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының
Баспасөз қызметі

PR-менеджер Артур Жумашев
+7 708 960 56 13
pr.zhumashev@gmail.com

Түсініктеме қалдыру