Жас суретші Алмас Нұрғожаев «Debut» шығармашылық каталогын таныстырады
Алмас Нұрғожаев – Қазақстанның қазіргі заманғы бейнелеу өнеріндегі ең белсенді жас суретшілердің бірі. Суретшінің шығармалары – оның ішкі әлемі мен жан күйзелісінің көрінісі. Оның туындыларын көрген кезде ең алдымен суреттердің күрделі ракурсы мен динамикасы бар экспрессивті композициялар көзге түседі. Шеберге натураны жалпылау және монументалдау тән. Ол сыртқы сюжеттік көріністі ғана емес, жасырын ішкі мазмұны мен мағынасын да жеткізуге тырысады.
Суретшінің тақырыптарының ауқымы кең, олардың арасында – әкесі мен ұлы, махаббат, қоғамның өткір мәселелері, және де, әрине, басты тақырыбы – Адам және оның өмірлік кедергілермен және өзімен күрес. Осындай бейнелердің әрқайсысы әмбебап рухқа толы. Олар өткір жағындылар мен монохромды түстерді үйлесімді біріктіретін күрделі ракурстарда шешілді. Бейнелерде ерекше назар адам фигурасына бөлінеді, суретші, мүсінші сияқты, адамдардың фигураларын түс палитрасы арқылы да береді.
2020 жылдың наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев қорының гранттық қолдауымен Алмас Нұрғожаевтың «Debut» алғашқы шығармашылық дебюттік каталогы жарыққа шықты.
Каталог автордың шығармашылығын қамтитын екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде «Debut» авторының өткен жылдың тамызында Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мүзейінде табысты өткен жеке көрмесіне қойылған 19 туындысы кірді.. Екінші бөлім Кипрдің қазіргі заманғы өнер мұражайының жобасы аясында Таяу Шығыс университетінде ашылған «Полет» жеке шығармашылық көрмесінде халық назарына ұсынылған 26 көркем туындыны қамтиды.
Кездесудің тікелей көрсетілімі Нұрсұлтан Назарбаев Қорының YouTube-арнасында ертең 30 маусым күні сағат 16:00-де өтеді.
Алмас Нұрғожаев 1988 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Кеген ауылында дүниеге келген. 2007 жылы О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін аяқтап, 2012 жылы Т.К. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Ж.Қайрамбаев пен Р. Жұбаниязов шеберханасында білім алады. 2017 жылы Т.К. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА магистратурасын бітірді. 2012 жылдан ҚР Суретшілер одағының мүшесі. 2016 жылдан бастап О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде оқытушы болып жұмыс істейді.