Туризм – экономиканы дамытудың жаңа мүмкіндігі
Пандемия жағдайында туризм әлемдік экономиканың дағдарысқа ұшыраған салаларының біріне айналды. Нарық зерттеушілері әлемдік туризм индустриясы биыл өз табысының 50% жоғалтады деп пайымдауда. Соған қарамастан, ұзақ мерзімді перспективада туризм қарқынды дамуында қайта жанданатын сала, оның салық түсімдері мен жаңа жұмыс орындарын ашудағы мүмкіндіктері маңыздылығын жоғалпайды.
Сонымен бірге, пандемия туристік бизнеске әдеттегі бағыттардың өзгеруіне және демалысты ұйымдастыруға байланысты елеулі түзетулер енгізетіні анық. Атап айтқанда, Euromonitor International мамандарының пікірінше жаңа трендтер халықаралық сапарлардан ел ішіндегі турларға, сондай-ақ саяхаттың өзін қауіпсіз ету жолдарына қарай ығысады.
Туристік өнімдерді дамытудың елеулі әлеуеті бар ел ретінде Қазақстан жаңа болмысты ескеріп, жаңа мүмкіндіктерді қарастыруы қажет. Туристік ағындарды қайта бағдарлаудың бастама алуы да ҚР үшін мүмкіндіктер ашады.
Осы тұрғыда таяуда ұсынылған Каспий теңізі жағалауындағы туристік хабты дамыту жобасы Қазақстанда тартымды туристік ахуал қалыптастырудағы маңызды қадам. Жобаның тұсаукесері ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өтті.
Елбасы атап өткендей, Қазақстанда бірегей табиғат ғана емес, тарихи-мәдени маңызы бар орындары, Ұлы Жібек жолы нысандары, археологиялық ескерткіштері бар, бұл елімізде ұйымдастырылған демалыстың кез келген түрін дамытуға мүмкіндік береді.
Каспийдегі туристік хабтың даму процесіне қажет тәжірибесі мен қаражаты бар шетелдік инвесторларды белсенді тарту жоспарлануда. Жаһандық туризм индустриясындағы бәсекелестік деңгейі өте жоғары екенін ескере отырып, туристік кластерлер құруда табысты тәжірибесі бар әлемдік ойыншылардың белсенді қатысуы қажет. Осыған байланысты жергілікті билік пен ҚР Үкіметінің міндеті жалпы отандық туристік саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру.
Сарабеков Жұмабек, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы