Дариға Назарбаева Қазақстан жастар Конгресі жұмысының төрт басым бағытын атады
2020 жылғы 9 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, Қазақстан жастар Конгресі Кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» жастар форумына қатысты. Өз сөзінде ол Жастар Конгресінің бірқатар басым міндеттерін белгіледі.
Бірінші міндет – қала мен ауылды көгалдандыру
Елбасы Нұр-Сұлтан қаласының айналасында 11,5 миллионнан астам ағаш пен бұта өсетін, аумағы 15 мың гектарға жуық жерді алып жатқан жасыл белдеу жасады. Осының арқасында елордадағы климат өзгерді. Жасыл белдеу қаланың «өкпесіне» айналды, тұрғындар демалу, жидек жинау, табиғат сұлулығына тамсану үшін орманға баруды әдетке айналдырды. Кейде қала ішінде жүгіріп жүрген қоян мен түлкіні байқайтын болдық, бұл жерлерді айналып өтетін құстарды да көз жиі ілетін болды.
Дәл осындай белдіктер елдегі барлық үлкен және кіші қалаларға, ауылдарға да қажет. Тұрғындардың белсенді көмегінің арқасында бұны жүзеге асыра аламыз. Елді мекендерді көгалдандыру ісін біздің ұзақ мерзімді, әрі жүйелі жүзе асыратын міндетіміз деп жариялауды ұсынамын.
Конгрестің «Жасыл Ел» атты ұйымы бар. Жастар осы бағытта үлкен жұмыс атқарды және оны әрі қарай жалғастыруға дайын. Біз сондай-ақ әкімдіктер мен үкіметтің қолдауына сенім артамыз.
Екінші міндет – ауыл мектептеріне қамқорлық жасау
Нұрсұлтан Назарбаевтың қорында бүгінгі таңда ауыл жастарын қолдау және жалпы ауылдағы білім беру бойынша бірқатар жобалар іске асырылуда. Бұл «Myń bala» жобасы. Жоба жыл сайын ауылдық жерлердегі ең қабілетті 1000 оқушыны анықтап, оларға еліміздің ең үздік мектептерінде білім алуға мүмкіндік береді.
Ал «Елбасы Медалі» жобасының мақсаты жастарды өз дағдыларын жетілдіруге, ұлттық мұра танымын кеңейтуге және белсенді волонтерлік қызмет арқылы қоғамға көмектесуге ынталандыру болып табылады.
Қор ауыл мектептерінде білім беру әдіснамасын дамытуға, олардың материалдық базасын жақсартуға қатысады, сондай-ақ ауыл мектептерінің оқушылары мен педагогтерін қашықтан оқытуды іске асыруға белсенді түрде жәрдемдеседі.
Конгресті осы жұмысқа ат салысуға шақырамын - ауыл мектептеріне қамқорлық жасау. Оған жас мұғалімдерді тартуға көмектесу.
Үшінші міндет – Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойлық жылындағы жобалар
Келесі жыл біз үшін ерекше жыл. Халқымыз үшін маңызды мереке - Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойы жақындап келеді. Отыз жыл бұрын ел тарихында жаңа дәуір басталды.
Елбасы айтқандай, «Қазақстанның тәуелсіздігі – ата-бабаларымыздың арманы мен жаңа ұрпақтың бүгіні. Халқымыздың өткенін ұмытпай, бүгінін бағалап, болашаққа нық сеніммен қадам басу керек».
Осы форумда мерейтойлық жылы жүзеге асырылуы мүмкін Конгрестің идеялары мен жобаларын талқылау дұрыс болар еді деп ойлаймын.
Төртінші міндет – атаулы әлеуметтік көмек
Қазақстанда кедейлік шегінен төмен тұратын адамдар өте көп. Олар әр қалада, ауданда, ауылда бар. Оларды тану, олардың тағдырына қатысу, қиындықтарды жеңуге және аяққа тұруға көмектесу - біздің парызымыз.
Мемлекет кедейлікті жеңу үшін көп жұмыс атқарады. Бірақ, кейде бұл көмек өз уақытында берілмейді. Біз әлеуметтік қызметтерге белсенді түрде көмектесіп, оларға медициналық, азық-түлік, қаржы, заң сияқты түрлі көмекті қажет ететіндер туралы ақпарат бере аламыз деп ойлаймын. Біз сондай-ақ қоғамның назарын осындай мәселелерге аударып, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу үшін қосымша ресурстар таба аламыз. Біз бұл жұмысқа мектеп оқушыларын, студенттерді қатыстырып, белгілі мекен-жайлардағы жұмысты үздіксіз жалғастырып және осындай отбасыларға көмек беретін еріктілерді жұмылдыра аламыз.