news-img

2020 жылғы 25 қарашада «Euractiv» агенттігі Брюссельдегі Қазақстан Елшілігімен бірлесіп ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы күніне орай «Қазақстан мен ЕО арасындағы қатынастар: серіктестік орнатудан болашаққа бағдар» тақырыбында виртуалды дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға Еуропарламент депутаты, Орталық Азия мен Моңғолия бойынша ЕП делегациясы басшысының орынбасары А.Америкс, FERRMED консультативтік кеңесінің мүшесі П.Боргольц, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының кеңесшісі Д.Елеукенов және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Ұлыбританиядағы өкілі Ғ.Бекенов спикер ретінде қатысты.

Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі А.Құспан атап өткендей, үш онжылдық ішінде Қазақстан мемлекеттіліктің маңызды белестерінен өтті. «Еліміздің заманауи тарихы, тиімді мемлекеттік институттардың құрылуы, нарықтық экономиканың қалыптасуы, прагматикалық сыртқы саясат, тәуелсіз мемлекеттің жаңа астанасының құрылысы, Қазақстанды үлкен биіктерге жетелеген және жаңа сын-қатерлерге жедел жауап беруге мүмкіндік беретін реформалар  –  міне, осының барлығын біз Тұңғыш Президенттің есімімен байланыстырамыз», - деді дипломат.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еуропалық вектор Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі болды. Тұңғыш Президенттің еуропалық көшбасшылармен құрған сенімді қарым-қатынасының арқасында Қазақстан өңірде бірінші болып Еуроодақпен кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім жасасты. 2019 жылдың 1 наурызында күшіне енген бұл маңызды шарт климаттың өзгеруі, ғарыш қауіпсіздігі және жаппай қырып-жоятын қарудың көбеюінің алдын алу сияқты түрлі салалардағы ынтымақтастықтың 29 бағытын қамтиды. ЕО – Орталық Азия форматындағы өңіраралық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді.

ЕП депутаты А.Америкстің айтуынша, ЕО Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға баса назар аударады: «Бүгінде Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қатынастардың тарихы бірнеше онжылдықты артқа тастады. Алайда, жаңа сын-қатерлер заманында Қазақстан мен ЕО қарым-қатынастары бұдан да тығыз ынтымақтастықты талап етеді. Пандемияға қатысты жағдай қол қойылған келісімдерде қарастырылмаған салаларда ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын табу қажеттілігін көрсетеді»,- дейді А.Америкс. Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың реформалары елдегі демократиялық процестерді жалғастыру және парламенттік сайлау өткізу үшін маңызды екендігін атап өтті.

Еуразиялық көлік дәлізі мәселесі бойынша сарапшы П.Боргольц Еуроодақты «Жібек жолын жаңғыртуға» белсенді қатысуға шақырды. Сарапшының пікірінше, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап жариялаған бұл ауқымды жоба елді құрлықтық көлік маршруттары арқылы байланысқан транзиттік хабқа айналдырды.

Д.Елеукенов Еуроодақты биологиялық және зертханалық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге шақырып, Қазақстан ЕО мен Ресейдің арасындағы байланыстырушы тарап бола алатынын айтты.

Іс-шара соңында Ғ.Бекенов қатысушыларға Ұлыбританияда танымал «FIRST» баспасы шығарған Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудманның «Ұлт атасы: Әлем адамы. Көшбасшылық тарихы» кітабын таныстырды. Кітап Н.Назарбаевтың Қазақстандағы және әлемдегі тарихи оқиғаларға бастау болған ауқымды шешімдері мен бастамалары туралы сыр шертеді.

 

Түсініктеме қалдыру