news-img

Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Мәскеу қаласындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтында Халықаралық заңгерлер одағы Үйлестіру кеңесінің онлайн-отырысы өтті

Отырысқа Үйлестіру кеңесінің 60-тан астам мүшесі қатысты. Олардың арасында ТМД мемлекеттері мен алыс шет елдердің өкілдері бар.  

Жарғыға сәйкес, Халықаралық заңгерлер одағы (ары қарай - ХЗО) – ерікті, өз-өзін басқаратын, коммерциялық емес, қоғамдық бірлестік.

ХЗО-ның негізгі мақсаттары: адам құқығы мен бостандығы ісінде   түрлі елдердің заңгерлерінің күшін біріктіруге көмектесу; заңгерлер қауымын халықаралық құқықтық, гуманитарлық және басқа да жобалар мен бағдарламаларға қатысуға тарту; қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың гуманитарлық және бейбіт бастамаларын, халықаралық және ұлттық даму жобалары мен бағдарламаларын жүзеге асыруға жәрдем жасау; халықтар арасындағы бейбітшілік, достық, сенім және өзара түсіністікті нығайтуға, заңгерлер қауымының ұлттық, аймақтық және халықаралық ұйымдарының жұмылып жұдырық болуына ықпал ету.   

Отырыста ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық өзара іс-қимыл келісімі  мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын ары қарай дамыту тұжырымдамасы жобаларының қорытындысы қаралды. Сондай-ақ, Халықаралық заңгерлер одағының заң ғылымы және заң білімі мәселелері бойынша тұрақты комиссиясын құру жайы және басқа да ұйымдастыру мәселелері сөз болды.

Отырысты ашқан ХЗО Үйлестіру кеңесінің төрайымы, Ресей Ғылым академиясының вице-президенті Талия Хабриева былай деді: «Халықаралық заңгерлер одағы Ресейдегі, ТМД елдеріндегі және Еуропаның бірқатар мемлекеттері мен әлемнің өзге де аймақтарындағы заңгерлердің қоғамдық ұйымдарының басын біріктіріп отыр. Бұл аталған одақтың құрамына кіретін елдер заңгерлерінің ынтымақтастығын арттыруға ықпал етуде».

ХЗО төрағасы Андрей Требков Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда ерекше құрылымдар – заңгерлер одақтарын құрудағы рөлін айрықша атап өтті. Қазақстан заңгерлер одағынан бөлек барлық санаттағы одақтар, яғни ҚР Судьялар одағы, ҚР Прокурорлар қауымдастығы, Қазақстан криминологиялық қауымдастығы, Республикалық адвокаттар алқасы, Республикалық нотариалдық палата, Коммерциялық заңгерлер одағы бар. Сондай-ақ, ол «Заңгерлік көмек» партиялық жоба тұжырымдамасының деңгейі жоғары екенін атап өтті. Оны «Nur Otan» партиясы кеңсесінің жобалау тобы әзірлеген. А.Требков заңгерлер қауымын жұмылдыра отырып, еліміздің барлық өңірлерінде ақысыз заңгерлік көмек көрсету тәжірибесін кеңінен тарату керектігін де айтты. Сондай-ақ, жергілікті өкілдік органдар депутаттарының құқықтық сауатын арттыруға қатысты Қазақстан заңгерлер одағының меморандумы мен Қазақстан Мәслихат депутаттары бірлестігінің жұмысына мән берілді. А.Требков сөз соңында Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне Қазақстаннан үлгі алуды ұсынды.              

ХЗО төрағасының орынбасары, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздің электрондық мемлекеттік қызметтерді ТМД-да алғашқылардың бірі болып енгізе бастағанын айтты. Бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауымен цифрландыру қоғамдағы бәсекелестікті қамтамасыз етудің негізгі факторына айналып келеді. Жасанды интеллект, 3D технология, блокчейн адамзат өмірінің барлық саласына белсенді түрде еніп, ғаламға таралып жатқандықтан, осы процесті де құқықтық жағынан қарастыру керек болады. Осыған орай И.Рогов Халықаралық заңгерлер одағы Үйлестіру кеңесінің басшылығы мен мүшелерін 2021 жылдың маусымында Алматы қаласындағы алдыңғы қатарлы ЖОО-да өтетін «Цифрландыру дәуіріндегі құқық» атты онлайн-конференцияға шақырды.

Отырыс барысында Халықаралық заңгерлер одағы Үйлестіру кеңесінің Төралқасы құрылды. Төралқа құрамына Қазақстан Республикасы атынан ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қайрат Мәми, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Қазақстан заңгерлер одағының Төрағасы Серік Ақылбай өтті.        

Түсініктеме қалдыру