Әлеуметтік идеялар байқауы аясында үздік 50 жоба анықталды
«Мемлекет, бизнес және коммерциялық емес ұйым: тұрақты дамудағы тұтастық пен әріптестіктің 30 жылы» әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының I-II кезеңі аяқталды. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша үздік 50 жоба таңдалды. Бұл заман тынысын тап басқан әрі аймақтағы ең өткір әлеуметтік түйткілдерді шеше алатын таңдаулы инновациялық идеялар.
Байқаудың мақсаты – әлеуметтік бағыттағы коммерциялық емес ұйымдардың жалпыұлттық міндетті шешудегі тиімділігін арттыру; өңірлердегі халықтың әлеуметтік бастамасын жандандыру; жергілікті деңгейдегі әлеуметтік, мәдени және білімге қатысты жобаларды іске асыру арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу.
Байқауда 3 номинация бойынша 221 жоба бағын сынады:
- Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуға көмектесу (112 жоба ұсынылған).
- Халықты әлеуметтік-құқықтық қорғау. Азаматтық құқықтар мен бастамаларды қорғау (43 жоба ұсынылған).
- Қоршаған орта мен халық денсаулығын қорғау (66 жоба ұсынылған).
Байқау комиссиясы әлеуметтік идеялар жәрмеңкесіне ұсынылатын ең өзекті әрі тартымды 50 жобаны таңдады. Соның оншақты жобасына Қор қаржылай қолдау көрсетеді.
Алғашқы екі кезеңнің жеңімпазын құттықтаймыз. Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінде жоба тұсаукесерінің ойдағыдай өтуіне тілектестік білдіреміз!
Айта кетейік, жәрмеңке 22-23 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық бастамаларды қолдау мен тұрақты дамуға мүмкіндік жасауға бағытталған әлеуметтік жобалар форумы аясында өтеді.