Қор стипендиаты Марта Набатова: Темірдей тәртіп - табыстың кепілі
Марта Набатова Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің «Академиялық ән салу» мамандығы бойынша 4-курста оқиды, жасы 19-да.
- Бала кезден ән айтып, сахнада өнер көрсеткен ұнайтын. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ әртүрлі шығармашылық үйірмелер мен музыкалық мектепке бардым. Соның арқасында уақытты тиімді пайдалануды үйрендім. Ал колледждегі оқу мен үшін жыл өткен сайын қызықты бола бастады. Маған бағыт беріп, жөн сілтеген ұстазым, ҚР еңбек сіңірген әртісі Байғазинова Ғалия Бейсенбекқызының еңбегі орасан зор, - дейді Марта Набатова.
Сүйікті ісінен қолы қалт еткенде студент ағылшын және итальян тілдерін үйренеді, классикалық шығармалар оқып, драма театрларына барады, түрлі байқаулар мен конференцияларға қатысады. 1-курстың өзінде-ақ Марта II Халықаралық музыкалық және теориялық пәндер байқауының II дәрежелі лауреаты атанды. 2020 жылы «Қазақстан жастарының 100 жаңа есімі» республикалық байқауында топ жарды. Ал опералық ән салу бойынша көптеген жарыстың ішінде бойжеткен үшін ең маңыздысы – өзі 3 дәрежелі лауреаты атанған Ресей халық әртісі, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Галина Писаренконың IV Халықаралық байқауы еді.
2020 жылдан бастап Марта UNICEF және балалар құқығы жөніндегі Ұлттық еріктілер желісінің еріктісі, ал оның балалар құқығына арналған «Рыжий Ванька» авторлық ертегісі UNICEF-тің «От детей для детей» жинағына енді.
- Бірінші курста Нұрсұлтан Назарбаев қорының айтулы стипендиясы туралы білдім, сосын оны алуға мақсат қойдым. 18 жасымда Қордың стипендиаты атандым, сол үшін өте қуаныштымын. Қор стипендиясы қаржылай қолдаумен қатар, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылыс, зор мәртебе - дейді Марта Набатова.
Стипендиат бұл жетістіктің барлығы қажырлы еңбек пен темірдей тәртіптің арқасында екенін айтады. Сүйікті істе жетістікке жетудің басты кепілі - тәртіпке бағыну деп санайды.