«Елбасы жылуы» қайырымдылық акциясы аяқталды
Алматы, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, және Түркістан облысынан 681 отбасы азық-түлік пен алғашқы қажетті тауарлар алды. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен «Дегдар» қоры бірлесе ұйымдастырған «Елбасы жылуы» қайырымдылық акциясының нақты нәтижесі болып табылады.
Апта бұрын бастау алған акция соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін, аз қамтылған, көпбалалы және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қамтыды.
Әр отбасы 132 келі тартатын тауарлар (ұн, картоп, жеміс, күріш, қарақұмық, шай, қант, күнбағыс майы, гигиеналық құрал т.б.) алды.
- «Кез-келген уақытта халықтың бауырмалдығы, мейірімділігі, қайырымдылығы қиындықтарды еңсеруге көмектеседі, бұл мұқтаж жандарға көмектесу үшін елді біріктіруге себепші. Коронавирус пандемиясы мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге көпшіліктің дайын екенін байқатты. «Елбасы жылуы» акциямызды қолдағаны үшін «Дегдар» қорына, аймақтық еріктілерге алғыс айтамыз, бірнеше мың жан қысқа мерзімде алғашқы қажетті тауарларды алды. Тұрғындар алғыстарын білдіріп жатыр», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Акцияның шарапатын көрген жанның бірі Өскемен қаласының тыл еңбеккері Үкіжан Әшетаева. «Көзіме жас үйірілді. Елбасыға осы қамқорлығы үшін мың алғыс», - деді зейнеткер.
- «Қазақстан халқы ең жанашыр әрі қайырымды екеніне тағы да бір көз жеткіздік. Еріктілер бізге мол азық-түлік әкелді. Бізге бұл үлкен қолдау», - дейді бес баланың анасы Мадина Ерқанатова.
Ақтау қаласының тыл еңбеккерлері, ерлі-зайыпты Мария мен Роман Ворониндер гуманитарлық тауармен әкелген еріктілерді зор қошеметпен қарсы алды. «Бізді елеп-ескеріп, құттықтап жатса, көзімізге жас келеді. Бізге көп нәрсе қажет емес. Ең бастысы, көңіл бөлу, қамқорлық таныту. Бізді ұмытпағандарыңызға рахмет!», - дейді Мария Воронина.
Алдағы уақытта мұндай акцияларды өткізу аймақтарда одан әрі жалғасын табады.