news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы мұражайы маңындағы саябақ аумағында экологиялық акция өткізілді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шараны Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырды. Акция аясында бүгін 100-ден астам шырғанақ көшеті отырғызылды.

Ағаш отырғызуға Нұрсұлтан Назарбаев Қорының басшылығы, өңірлік іскер әйелдер қауымдастығының және Қазақстан әйелдер күштері альянсының өкілдері қатысты.

Шырғанақ ағаштарын отырғызу идеясы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде туындаған (2021 ж. ақпан). Айта кетейік, байқау игі іс жасайтын мейірбан жандарды анықтап, ынталандыруды көздейді.

 Байқау жеңімпазының бірі Владимир Задонский ұзақ жылдан бері табиғатты сақтауға қомақты үлес қосып келеді. Табиғат зерттеушісі 50 жыл бойы Қостанай облысының Жітіқара ауылындағы өзен бойына бақ отырғызды. «Қайырымдылық керуені» байқауының финалы кезіндегі марапаттауда Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева Нұр-Сұлтанда шырғанақ отырғызуды ұсынған еді.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы бұл идеяны қолдап, көшеттерді елордаға жеткізуді ұйымдастырды. Көшеттер Барнаулдан (Ресей) әкелінген. Шырғанақтың бұл түрі біздің климаттық жағдайға бейімделген.

Мұндай іс-шараның маңызына тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев: «Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығын айтарлықтай табыстармен қарсы алды. Осы жылдар ішінде еліміз экономикалық байланысты, өзге елдермен достық қатынасты нығайтатын әрі ауқымды даму бағдарламасын жүзеге асыратын қуатты мемлекетке айналды. Бұл датаны атау кезінде көптеген қазақстандықтың, үкіметтік емес ұйымдардың мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге, елді мекендерді көгалдандыруға және абаттандыруға үлестерін қосып жатқаны қуантады. Бұл нағыз отансүйгіштік».

Түсініктеме қалдыру