БҰҰ сарапшылары: Қазақстан ТДМ -ын іске асыруды толықтай мойнына алады
Бұл туралы БҰҰ секторының сарапшылары «Тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалдық әлеуеті: қалыптасуы мен дамуына 30 жыл» I Халықаралық жас ғалымдар форумы аясында өткен «Қазіргі заманғы қазақстандық ғылымдағы тұрақты даму» атты дөңгелек үстел барысында айтты.
Дөңгелек үстелге БҰҰ Жаһандық коммуникация департаментінің өкілі Властимил Самек, «Almaty Management University»-нің проректоры Бақытжан Саркеев, ТДМ сарапшысы Халида Ажигулова, БҰҰДБ тұрақты даму мақсаттары жобасының портфолиосы бойынша сарапшысы Заур Ибрагимов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ, ТДМ хатшылығының директоры, Бақытгүл Хамбар қатысты. Жиын барысында Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Нұрсұлтан Назарбаев қорының жанындағы ғылыми кеңестің мүшесі Жанар Темірбекова модератор болды.
Биыл 2015 жылы БҰҰ ұсынған және 2016 жылдың қаңтарында күшіне енген ТДМ қабылданғаннан кейінгі бірінші бесжылдық кезең екенін ескерсек, кездесу тақырыбы өте өзекті және дер кезінде өтті.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстанда ТДМ қабылданғаннан кейінгі алғашқы бес жылда атқарылған істер қорытындыланды. Алдағы бес жылға жоспарланған мақсатттар талқыланды. БҰҰ секторының сарапшылары Қазақстанның тұрақты дамуға қол жеткізудегі қызметінің нәтижелері мен табыстылығына қысқаша баға берді. Сонымен қатар, еліміздің ТДМ -ын іске асыру үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алатынын, ең бастысы – алға қойылған мақсаттарға жетудің ұлттық көрсеткіштерін әзірлегенін атап өтті.
Академиялық қоғамдастық өкілдері ел Үкіметі үшін басым бағыттардың бірі саналатын сапалы білімге қол жеткізу саласындағы ТДМ-ын 4 бағытта жүзеге асыру бойынша табанды еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті. Қазақстандық ғылымда тұрақты даму бағытының күшеюі де оң бағаланды. Бұл ретте Экономикалық зерттеулер институтының өкілі Бақытгүл Хамбар «біздің жас ғалымдар өздерінің ғылыми зерттеулерін көбірек коммерцияландыру туралы ойланулары керек» деген ұсынысын айтты.
«Қазіргі қазақстандық ғылымдағы тұрақты даму» атты дөңгелек үстел академиялық қоғамдастықтың, үкіметтік емес сектордың, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері арасында пікір алмасудың тиімді алаңына айналды.
Шара ашық тікелей эфирде өтті. Онда тұрақты даму саласындағы мамандар модератордың сұрақтарына тікелей эфирде жауап берді. Тұрақты даму мақсаттарына жету арқылы қазақстандық қоғам өміріндегі экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің аспектілерін және олардың дәрежесін, қазақстандық ғылымға әсерін талқылады.
Дөңгелек үстелдің қорытындысында, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек Қазақстанда және ғылыми ортада тұрақты дамуға жету бағытында оң динамика байқалатынын айтты. Ел жастары арасында маңызды диалогты жалғастыру туралы ұсынысын алға тартты. Ал шара модераторы Жанар Темірбекова осы жобаны жүзеге асыру үшін Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің алаңын ұсынды.