news-img

1 қазаннан бастап 10-11 жастағы мектеп оқушылары қабілеттерін анықтау үшін ақысыз тест тапсыра алады.

     Биыл қазан айында еліміздің барлық өңірлерінде балалардың қабілетін ерте анықтауға бағытталған «Qabilet қызметі»  жобасы басталады.

Qabilet қызметі пилоттық режимде бүкіл ел бойынша іске қосылады, бірінші кезеңде жобаға 10-11 жастағы оқушылар қатыса алады. Келесі кезеңдерде жасөспірім балалар қамтылады.

Жоба Елбасының «Ел Үміті» бастамасы аясында жүзеге асырылуда, Оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Елбасы Академиясы» КҚ ұйымдастырады.

Жоба мақсаты – оқушылардың қабілеті мен кәсіби бағдарлануын диагностикалаудың ұлттық жүйесін құру, сондай-ақ дарынды балалар мен дарынды жастарды олардың зияткерлік және жеке әлеуетін іске асыру үшін сүйемелдеу және қолдау қызметін ұйымдастыру.

Елбасы Академиясында бұл мәселе бір жылдан астам уақыт бойы зерттеліп келеді, бүгінде серіктестермен бірлесіп диагностика әдістемесі әзірленді, негізгі құрал -  қабілет тестілері. Диагностика мен қабілеттерді анықтау Елбасы Академиясының Qabilet онлайн платформасында (https://qabilet.elbasyacademy.kz , ЕСКЕРТУ: тестілеу 2021 жылы 1-қазаннан бастап қолжетімді болады) немесе офлайн «Дарын» өңірлік орталықтарының негізінде жүзеге асырылуда.

Қызмет ақысыз негізде ұсынылады және әр оқушыға қолжетімді болады. Тестілеуден өткеннен кейін бала мамандық таңдауға көмектесетін маманның кәсіби кеңесін алады.

«Қабілеттерді диагностикалау әдістемесі заманауи тәжірибеге негізделген үздік әлемдік тәжірибені қолдануды көздейтін дарындылық пен ХХІ ғасырдың негізгі құзыреттілігі - «4K» (шығармашылық, сыни ойлау, ынтымақтастық, қарым-қатынас), бірінші кезеңде 10-11 жастағы балалардың 50 мыңға жуық оқушыларын қамту жоспарланып отыр», - деді «Елбасы Академиясы» КҚ балалар мен жастарды диагностикалау және дамыту орталығының жетекшісі Гүлім Жүсіпова.

Бүгінде Елбасы Академиясы Алматы қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры базасында әдіскерлер мен психологтарды даярлау бойынша оқыту семинарларын өткізуде. Олар «Дарын» өңірлік орталықтары базасында қызмет көрсетеді. Қыркүйек айының соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде 80-ге жуық маман оқытылады.

Тесттерді әзірлеу және бейімдеу үшін психологиялық диагностика саласындағы сарапшылар – психология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми қызметкері Ақмарал Сатова, психология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға ғылыми қызметкері Эльмира Әбішева тартылды.

Қазіргі уақытта Алматы және Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы «Дарын» орталығының 19 қызметкері үшін семинарлар аяқталды. Келесі болып басқа өңірлердегі орталық қызметкерлері шақырылады.

Түсініктеме қалдыру