Дариға Назарбаева: «Үлкен Еуразиядағы кешенді диалогты қайта бастау керек»
Әлемнің ең мықты 50-ден астам спикері, бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, сараптама орталықтары мен халықаралық ұйымдардың басшылары, әлемдік БАҚ өкілдері қатысатын шарада өзекті мәселелер талқыланбақ.
Сарапшылар халықаралық диалог алаңында 15-17 қараша аралығында жаһандық экономиканың маңызды мәселелерін, геосаясат пен халықаралық қатынастарды, климаттың өзгеруі және т.б. түйткілдер талқыға түседі.
«Астана клубының» жұмысы барысында Қазақстанның 30 жылдағы даму қарқынына, оның ішкі және сыртқы саясатын қалыптастырудағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне жете назар аударылмақ. Оған қоса, жаңа геосаяси жағдайда аймақтың даму перспективаларын талқылау жоспарланған.
2019 жылы Елбасының бастамасымен құрылған «Түн ортасы болғанда: Ядролық диалог бойынша әрекет ету уақыты» тақырыбындағы Жаһандық көшбасшылар альянсының отырысында ядролық қауіпсіздік мәселелері де осы «Астана клубының» кезекті отырысының жұмысында талқыланбақ.
Қазіргі уақытта Көшбасшылардың жаһандық Альянсы 70-тен астам көрнекті халықаралық қайраткерлерді, саясаткерлерді, сарапшыларды және Нобель сыйлығының лауреаттарын бір арнаға тоғыстырып отыр.
Ив Летерм – Бельгияның Премьер-министрі (2008, 2009-2011), Нино Бурджанадзе – «Біртұтас Грузия – Демократиялық қозғалыс» партиясының төрайымы, Грузия Президентінің міндетін атқарушы (2003-2004, 2007-2008), Грузия парламентінің төрағасы (2001-2008), Данило Түрк - Мадрид клубының Президенті, Словения Президенті (2007-2012), Абдулла Гүл - Түркия Президенті (2007-2014 жж.), Джонатан Гранофф – Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті (АҚШ), Владислав Иноземцев – Постиндустриалды қоғамды зерттеу орталығының директоры (Ресей), Джеймс Линдсей – Халықаралық байланыстар кеңесінің (CFR) аға вице-президенті және көптеген басқа да тұлғалар осы және өзге бағыттар жайлы пікірлерін ортаға салады.
Диалог алаңының сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева: «Біздің клубтың бұрынғы отырысы 2019 жылы өткен. Ол отырыс мүлдем басқа дәуірде болған секілді. Содан кейін жер-жерде вирустың өршуі – әдеттегі өмір тәртібін өзгертіп жіберді. Экономикалар тоқтап, әлемнің көптеген елдерінде оқшалану жағдайы туды. Вирус әлемді дәл бұлай өзгертеді деп ешкім күтпеген еді. Пандемия біздің қаншалықты өзара тығыз байланысты және бір-бірімізге тәуелді екенімізді тағы бір рет дәлелдеді. Бүгінде халықаралық қауымдастық бұрынғыдан да бірігіп әрекет етуге мұқтаж», – деді.
Сондай-ақ ол, «өзара сенімділік режимін қалпына келтіру – қазіргі уақытта халықаралық аренада жасалуы тиіс және осы мақсатта жан-жақты көмек көрсету қажет. Бұл «Астана клубының» басты миссиясы» екендігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры директорының айтуынша, індет әлемдік жүйеде бұрыннан бері жалғасып келе жатқан түбегейлі өзгерістерге мұрындық болды.
«Әлемде бұл өзгерістер қай бағытта болуы керек деген түсінік жоқ. Бізге бүгінде Үлкен Еуразиядағы диалогты кешенді түрде қайта бастау керек екені айдан анық», – деді Дариға Назарбаева.
Оның пікірін «Thinking the Unthinkable» жобасының негізін қалаушы және оның директоры, Лондон Кингс колледжінің профессоры, BBC World News жаңалықтар бағдарламасының жүргізуші (1996-2014) Ник Гоуинг қолдады.
– Әлемде COVID-19-ға байланысты мұндай жағдай боларын ешкім елестете алмады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы тілге тиек еткендей, біздің нәзік планетамызға қауіп төніп тұр. Бізге ортақ көзқарас бойынша бірігу қажет. Экономикадағы және қоғамдағы тұрақсыздық, болып жатқан климаттық өзгерістер және т.б. салдарынан терең қайшылықтар туындады. Ғылым ештеңені болжай алмайды. Елдер арасындағы диалог пен өзара іс-қимылды күшейту қажет екені анық, – деді сарапшы.
Осы орайда, «Еуразия таңы» кітабының авторы, Flint Global-дың бас кеңесшісі, Португалияның Еуропа істері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы (2013-2015 жж.) Бруно Масаеш қазіргі заманның басты сын-қатерлерін атады және мемлекеттерді сын-қатерлерді бірге жеңуге шақырды.
– Біз биліктің қайта бөлінуін, қалыптасқан әлемдік тәртіптің эрозиясын, Еуропа мен АҚШ экономикасының дағдарысын көріп отырмыз. Пандемия бұл тенденцияларды тек ушықтырды. Біз аяқастынан сенім мен қауіпсізідіктің өте маңызды екенін түсіндік. Пандемия бізге сабақ болды. Одан алған сабағымыз тіпті, біз білмейтін қатерлермен күресу үшін қажет. Осы мүдде бізді біріктіруі тиіс. Бұл тұрғыдан, Қазақстан осындай ымыраға келуге, жақсы байланыста болудың көрсеткіші. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан елдермен ашық қарым-қатынас орнатып, Еуразияны әртүрлі қырынан зерттеп, жағдайға әртүрлі көзқараспен қарады, – деді Бруно Масаеш.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана клубының» жұмысына 2015 жылдан бері әлемнің 40 елінен 200-ден астам спикер қатысты.
Әр жылдары Астана клубының спикерлері мен хедлайнерлері Хосе Мануэль Баррозу, Мұхаммед әл-Барадей, Ахмет Давутоғлу, Вацлав Клаус, Хамид Карзай, Джордж Фридман, Роберт Каплан, Якоб Френкель және басқа да көптеген танымал саясаткерлер, сарапшылар мен бизнес көшбасшылары болды.