Игорь Рогов: «Назарбаевтың конституциялық моделі саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді, экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді»
Алматыда гибридті форматта өткен халықаралық дөңгелек үстелде заңгер-ғалымдар тәуелсіздік негіздерінің қалыптасуы мен дамуындағы Конституциямыздың рөлі туралы айтты.
Іс-шараны ашқан Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми: «Қазақстан Республикасының Конституциясы Қазақстандағы жаңғыру серпілісін қамтамасыз ете отырып, саяси, экономикалық, әлеуметтік процестер мен институттардың дамуы үшін барлық жағдайларды жасады. Конституционализмнің үдемелі дамуының маңызды факторы – Конституция ережелерін нақты жүзеге асыруға негізделген. Осы жылдар ішінде Конституциялық Кеңес еліміздегі конституциялық заңдылық режимін қамтамасыз етудің сенімді кепіліне айналды», – деп атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов форумның модераторы болды. Ол қазіргі жағдайда конференция тақырыбының бұрынғыдан да өзекті екенін тілге тиек етті.
«Бүгінде әлем коронавирустың салдарынан болған дағдарыстың жағымсыз жағдайымен бетпе-бет келіп отыр. Осындай кезде конституциялық жүйе қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін маңызды тұрақтылықтың бірі саналады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қалыптастырған конституциялық үлгі саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді, мемлекеттің экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, адам құқықтары мен азаматтардың бостандығын тиімді қорғауға кепілдік бергенін уақыт көрсетті», – деді спикер.
Айта кетейік, дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның қабылданған күніне орай ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар, оның ішінде шетелдік сарапшылар Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін барлық салада толық ашу бағыты ел басшылығының қызметінде дәйекті түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
Ұйымдастырушылардың қатарында Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия және т.б. бар.