Қор стипендиаты Арыстан Әбілдин қос платиналы дискінің иегері атанды
Музыкант Арыстан Әбілдинді қос платиналы дискі алуымен құттықтаймыз! Қазақстандыққа «Быстро» әнінің кавер нұсқасы танымал жүлде әкелді. Трек 45 миллионнан астам рет тыңдалған. Түпнұсқаның авторлары – танымал ресейлік орындаушылар Слава Марлоу мен Моргенштерн.
— Бір кездері танымал әртістердің мұндай марапаттарды қалай алатынын көріп, менде осыған қол жеткізсем ғой деп армандайтынмын. Мен бір күні жұмысым үшін платина аламын деп ойламаппын! Осы күнге дейін мені қолдапкелген баршаңызға алғыс айтамын! — деп жазды Арыстан Instagram парақшасында жазды.
Дарынды орындаушының шығармашылық лақап аты — Colorit. Ол осы есіммен көпшілік алдына шығып жүр. Бұған дейін шығармашылығын енді бастап келе жатқан әртіс бүкіл ТМД атынан жаһандық TikTok байқауына қатысып, жеңіске жеткен болатын.
Арыстан Әбілдин Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінде «үрмелі және соқпалы аспаптар бөлімінің» 3-курсында оқиды. Жаңа оқу жылында ол Нұрсұлтан Назарбаев қоры стипендиясының иегері атанды.
Стипендиатымызға жаңа жетістіктер мен шығармашылық табыс тілейміз!