news-img

Бүгінде еліміздің алдында күрделі міндет тұр. Қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салалар аясында серпінді, инклюзивті және орнықты өсу жолын жалғастыру қажет. Бұл ретте, экономиканы әртараптандыруға – өндіріс пен қызмет көрсету саласын бір мезетте жан-жақты дамыту үдерісіне баса мән беріледі.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңестің қолдауымен Тұран университеті ұйымдастырған «Экономиканы әртараптандыру: экономикалық өсімнің жаңа моделі» тақырыбындағы дөңгелек үстел осы мәселеге арналды. Жиынға белгілі қазақстандық және халықаралық сарапшылар, бизнес құрылымдардың басшылары мен өкілдері, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, академиялық қоғамдастықтың жетекші профессорлары мен жас зерттеушілер қатысты.

— Әлемдік шикізат нарығындағы келеңсіз трендтер дәуірінде елдің қолайсыз экспорттық және өндірістік мамандануға тәуелділігін қысқартуға, технологиялық тұрғыдан мейлінше күрделі өнім экспортын арттыру және импорт алмастыру үдерістерін жүзеге асыруға жағдай жасауға бағытталған әртараптандыру экономикалық өсімнің драйвері болуға тиіс, - деді «Тұран» университетінің стратегиялық даму, ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, Қор жанындағы Ғылым жөніндегі Кеңестің мүшесі Дина Разақова.

Сарапшылар өңірдің тұтыну нарығы, жаңа салалар мен нарық тауашасын іздеу мен игеруге мән беру, Алматы облысы экономикасының әлеуетін ашу, ШОБ секторындағы инвестициялық үдерістердің мониторингі мен тиімділігін арттыру, ШОБ-ты мемлекеттік қолдау бағдарламалары сынды бірқатар мәселені талқылады.

Ғылым мен экономиканың байланысын Қор жанындағы Ғылым жөніндегі Кеңестің мүшесі, «Лес» инвестициялық жобасының негізін қалаушы Николай Верещагин тарқатып айтты.

Кездесу соңында сарапшылар ұлттық экономиканы әртараптандыру ұзақ мерзімді, жан-жақты және тұрақты өсімді қамтамасыз ету – экономикалық саясаттың басым бағыты екенін бірауыздан атады. Реформалардың жалпы мемлекеттік бағдарламасы мемлекеттік құрылымдар мен бірқатар саладағы ауқымды құрылымдық қайта құрулардың негізі болуға, экономиканың сыртқы күйзелістерге тұрақтылығын арттыруға тиіс.

Түсініктеме қалдыру