news-img

«Тұран» университетінде «Жастар ғылымы ұлттық стратегиялық басымдық ретінде» халықаралық стратегиялық сессиясы өтті. Іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңес пен «Тұран» университеті ұйымдастырды.

Іс-шараға жас ғалымдар, Қазақстан ЖҒК ҒЗИ, Ресей Ғылым академиясы, Тәжікстан, Армения ғылым академиясының өкілдері, сонымен бірге, қазақстандық жоғары оқу орындарының магистранттары, докторанттары мен оқытушылары қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңестің төрағасы Ермек Тоқтаров шетелдік әріптестеріне ұзақ жылғы серіктестігі үшін алғыс айтып, ғылыми зерттеулер саласындағы нақты ынтымақтастықты күшейтудің қажеттігін атады.

-Біздің елдерімізде айтарлықтай зияткерлік әлеует пен халықаралық зерттеулер жүргізу үшін қажетті ресурстар бар. Сол себепті, жас ғалымдардың зерттеу тобына үлкен мақсаттар қою өте маңызды. Ғалымдардың коллаборациясы қисынсыз нәрсе емес, өмірлік қажеттілік, - деді Ермек Тоқтаров.

РҒА ЖҒК төрағасының орынбасары, РҒА биологиясының іргелі мәселелері институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Дмитрий Демин Ресейдегі жас ғалымдарды қолдау шараларына тоқталды. «Ғылым және технологиялар жылы аясында ресейлік ғалымдар ғылым саласына жас және талантты зерттеушілерді тартуға бағытталған көптеген іс-шара өткізді», - деді Дмитрий Демин.

Айтуынша, Ресейдің жас ғалымдары серіктестікке және мемлекетаралық зерттеу жобаларын жоғары деңгейде жүзеге асыруға дайын.

Тәжікстандағы жас ғалымдарды қолдау шараларын Тәжікстан Ғылым Академиясының ЖҒК төрайымы Мену Мамадюсуфова айтып берді. Орталық Азиядағы өңірлік зерттеулердің өзекті екеніне тоқталды. Орталық Азия ғалымдарының күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі су ресурстары және биологиялық қауіпсіздік деп атады. Армения Ғылым Академиясының ЖҒК төрағасы Геворг Варданян Армениядағы дарынды зерттеушілерді әлеуметтік жағынан қолдау шарасын ұсынды. Пікірінше, зерттеу ұжымдарын мемлекеттік тұрғыдан қолдау ғылым саласындағы тиімді мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының бірінші проректоры, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңестің мүшесі Мәрлен Есіркепов Академияда қолға алынған дарынды зерттеушілерді анықтау және оларды гранттық зерттеулер аясында ғылыми қызметке тарту жөніндегі жұмыстарға тоқталды. Мәрлен Есіркепов академияның студенттері мен жас ғалымдары Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі Кеңестің ғылыми іс-шараларына белсенді түрде қатысатынын айтып, дені стипендиялар, зерттеулер, travel-гранттар байқауының және Қор сыйлығының лауреаты атанғанын айтты.

Қ.А.Яссауи аатындағы ХҚТУ ғылым және стратегиялық даму жөніндегі вице-ректоры, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңестің мүшесі Айнаш Өшібаева университетте биыл қабылданған постдокторантура бағдарламасы туралы айтып берді. Оның уәжінше, университеттің 2022-2026 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары аясында постдокторантура бағдарламасына грант бөлінеді. Бұл ҚР Білім және ғылым министрлігінің жас ғалымдарына арналған гранттармен бірге Қазақстандағы жастар ғылымының дамуына серпін береді.

«Тұран» университетінің стратегиялық даму, ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңестің мүшесі Дина Разақова «Тұран» университеті жас ғалымдардың зерттеу әлеуетін үйлесімді дамытуға тырысатынын атады. ҚазҰАУ «Клиникалық ветеринарлық медицина» кафедрасының меңгерушісі Қуантар Әлиханов ветеринарларға қолдану үшін антисептикалық және инфекцияға қарсы препарат жасау бойынша ғылыми-зерттеу жобасының жүзеге асуын әңгімеледі. Бұл зерттеуге Нұрсұлтан Назарбаев Қоры грант бөлген. Әзірлемелердің нәтижесі жобаны одан әрі қаржыландыру үшін ҚР БҒМ грантын алуға септігін тигізді. 

Стратегиялық сессияға қатысушылар талантты жас зерттеушілерді қолдау мәселелері бойынша әріптестік білдіріп, бірлескен халықаралық ғылыми жобаларды ұйымдастыру мен ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екенін атады.

Түсініктеме қалдыру