Алматыда жеке құқық бойынша студенттік конференция өтті
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен Каспий қоғамдық университетінде жыл сайынғы Басиндік оқулар аясында студенттер мен жас ғалымдардың «Жеке құқықтың өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Дәстүр бойынша форум қазақстандық цивилистика мектебінің негізін қалаушы, ҚазКСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Юрий Григорьевич Басинге (1923-2004 жж.) арналды. Басин жастардың құқықтық сауаттылығына, заң ісіне және Қазақстанда азаматтық құқық ғылымының қалыптасуына қомақты үлес қосты.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің, магистранттардың және жас ғалымдардың шығармашылығын дамыту, заманауи цивилистика ғылымының өзекті мәселесін шешуге жұмылдыру, жақын шетелдегі жас зерттеушілерінің білім беру және ғылыми байланыстарын дамытуға мұрындық болу.
Caspian University «Әділет» Жоғары құқық мектебінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Светлана Мороз және Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңестің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, PhD Ермек Тоқтаров тілегін білдірді.
— Қазіргі жағдайда жеке құқық мәселесі ерекше өзекті. Виртуалды әлеуметтік қатынастарға да құқықтық реттеу қажет. Жаңа сын-қатерлер авторлық құқық пен сөз бостандығына ғана емес, виртуалды жылжымайтын мүлікке де қатысты. Бұл заң ғылымы үшін жаңа кеңістік, ал жас ғалымдар үшін болашағы зор бағыт, - деді Ермек Тоқтаров.
Конференцияда азаматтық құқық, тұрғын үй құқығы, отбасылық құқық, еңбек құқығы, халықаралық жеке құқық, корпоративтік құқық, міндеттемелік құқық, шарттық құқық, зияткерлік меншік құқығы, патенттік құқық, салыстырмалы құқықтану теориясы мен тәжірибесінің толғақты түйткілдері талқыланды.
Сонымен бірге, ғылыми мақалалардың деңгейін арттыру мақсатында «Үздік ғылыми мақала» байқауы өткізілді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.