Жас бағдарламашылар жеңіске жеткен марафон
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы робототехника және жаңа технологиялар зертханасының оқушылары үшін көктем қызықты оқиғалар мен жетістіктерге толы болды. Балалар робот жасаудағы дағдысы мен талантын танысатын үш байқауға қатысты.
Зертханамыздың жеті командасы Spring Games 2022 олимпиадасында «Ақылды қала» және «Нысандарды тасымалдау функциясы бар роботтар» номинациясында стартап жобалар ұсынып, үшеуі жеңімпаз атанды. I орын «Ақылды тұрақ жүйесі» жобасын жасаған Мейіржан Сәдуақасов пен Дінмұхаммед Жұмағалиге бұйырды. «Тұншықтырғыш газдың шығып кетуін анықтауға арналған құрылғы» жобасының авторы Маржан Шәкір II орын алды. «Ақылды үйді басқару үшін қазақ тіліндегі дауыстық пәрменді тану жүйесі» жобасын қорғаған Райымбек Миракбаров пен Еркөкше Құрман қола жүлдені иеленді.
Сонымен бірге, мобильді роботтардың жеке санатында Николь Ким мен Аңсар Сәрсенов алтын алса, үшінші орынды Диар Жөкен мен Бағжан Абай еншіледі. Олар нысанды ұстап қалу және тасымалдау қызметі бар роботтарды жасады.
«KazRoboSport-2022» чемпионатының аймақтық іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен 27 команда арасында командамыз шағын сумо (робот-сумо) санатында I орын алды. Мұнда зертхананы Диар Жөкен мен Жәнібек Қасымов таныстырды. Енді олар Жапонияда өтетін халықаралық жарысқа қатысуға мүмкіндік беретін финалды күтіп жүр. Бүгінде жас бағдарламашылар роботтардың конструкциялары мен алгоритмдерін жетілдіріп, ақтық сайысқа дайындалуда.
Бірер күн бұрын Алматыда робототехника бойынша олимпиаданың аудандық іріктеу кезеңі аяқталды. Зертхананың жеті оқушысы шағын сумо санатында шеберлігін көрсетіп, бесеуі қалалық деңгейдегі сайысқа жолдама алды. Атап айтсақ, олар Алатау ауданынан Дәурен Ахмет пен Райымбек Миракбаров, Бостандық ауданынан Едіге Төлебай, Алмалы ауданынан Дінмұхаммед Жұмағали, Медеу ауданынан Бағжан Абай мен Диар Жөкен.
Робототехника және жаңа технологиялар зертханасының барлық тәрбиеленушісі мен тәлімгері Дастан Рахатовты жеңісімен құттықтап, одан әрі жетістікке жете беруіне тілектестік білдіреміз!