news-img

Альянс құру туралы бастаманы алғаш рет ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы қарашада «Astana Club» халықаралық пікірталас алаңының V отырысында көтерген.

2020 жылы Астана клубының консультативтік кеңесінің мүшелері альянс құру туралы бастаманы қолдау жайлы әлемдік көшбасшыларға ашық үндеу жолдады.

Құжат БҰҰ мен МАГАТЭ-нің ресми құжаты ретінде тіркелді, бұл халықаралық қоғамдастықтың ядролық қаруды таратпау, ядролық қауіпсіздік және ядролық соғыс қаупінен азат әлем құру мәселелеріне қолдау еді. 

Қазіргі таңда Альянс жаһандық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша диалогты жолға қою мен нығайтуға қолдау білдірген әлемнің 45 елінен 87 беделді саяси көшбасшы мен көрнекті халықаралық сарапшының басын қосып отыр. 

2022 жылғы 26 мамырда Венада Альянс мүшелерінің кездесуі өтіп, стратегиялық жоспарлау тобы (GAL Strategic Planning Group) құрылды.

Топ құрамына Бельгияның бұрынғы премьер-министрі (2008, 2009-2011 жж.) Ив Летерм, Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті (АҚШ) Джонатан Гранофф, Халықаралық бейбітшілік институтының вице-президенті (Вена), БҰҰ қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкіл (2012-2015), БҰҰ Бас хатшысының орынбасары (2008-2012 жж.) Ангела Кейн, «Ядролық қарудан бас тарту жөніндегі жаһандық қауіпсіздік институты» ұйымының жаһандық үйлестірушісі (PNND) Алин Уэйр, Ресей саяси зерттеулер орталығының директоры Владимир Орлов, «Ядролық қарусыздану жөніндегі бастамалар» қауымдастығының (IDN) вице-президенті (отставкадағы генерал) Бернард Норлейн, аға кеңесші және Женева қауіпсіздік саясаты орталығында (GCSP) қару-жарақты тарату бөлімінің бастығы әрі аға кеңесші Марк Фино, OЗХО (OPCW) бұрынғы бас директоры, Түркияның НАТО жанындағы бұрынғы тұрақты өкілі Ахмет Узюмджю, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының бұрынғы төрағасы Кристин Муттонен кірді. 

Жиын барысында Альянстың стратегиялық мақсаттары мен бастаманы іске асыру аясындағы тәжірибелік қадамдар жоспарын әзірлеуге байланысты мәселелер талқыланды. 

Мамандар Альянсқа зор үміт артуда, оның тұжырымдамасында алғаш рет ядролық қарусыздану, оны таратпау мен ядролық қауіпсіздік біріктірілді, бұл ЖКА-ға ядролық саладағы өзге де идеялар арасында өзіндік лайықты орын алуына жол ашады. 
Сарапшылар мемлекетаралық сенімнің төмендеуі қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерді еңсеруді тежейтінін атады. Қатысушылардың уәжінше, Украинадағы дағдарыс жағдайында туындаған ядролық шиеленіс ядролық қаруды бақылау режимінің болашағына қауіп төндіреді.

Бұл ретте, кездесуге келгендер Қазақстанның тәжірибесі мен Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың қазіргі геосаяси жағдайдағы бейбіт бастамаларының өзектілігін ерекше атап өтті.

ҚР Тұңғыш Президентінің әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешімі елдің болашақ бейбіт дамуының символы ғана емес, сонымен бірге адамзат үшін ядролық қаруды қолданудың айтарлықтай төмендеуіне тікелей әсер еткен теңдессіз қадам. 


Бүгінде Қазақстан өңірде және әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға зор үлес қосып, маңызды халықаралық рөл атқаруда.

Стратегиялық жоспарлау тобы мүшелерінің пікірінше, Альянстың қызметіне ядролық қаруды бірінші болып қолданбау (No First Use of Nuclear Weapons), қауіпсіздіктің теріс кепілдері (Negative Security Assurances), қолданыстағы аймақтарды кеңіту мен ядролық қарудан азат жаңа аймақ құру сынды бағыттар енгізілуі мүмкін.


2021 жылғы қаңтарда күшіне енген ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (Treaty on the Prohibition of Nuclear Weapons, TPNW) қосылмаған елдермен жұмысты айқындау маңызды сәт болды.  

Бұған қоса, биыл 27 мамырда МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры, Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеймен өткен кездесу өткізіліп, ол стратегиялық жоспарлау тобын құру туралы шешімді қолдады және Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Альянсты құру жөніндегі бастамасын одан әрі іске асыруға қолдау білдірді.

Түсініктеме қалдыру