news-img

Қаржылық пирамидаға алданған алматылық өз-өзіне қол салмақ болған. Қазақстанда 2021 жылы интернет алаяқтық бойынша 40 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалды. «Алло! Сәлеметсіз бе! Мен банк қызметкерімін, сіздің шотыңызда күмәнді операциялар болып жатыр, маған банк картаңыздың мәліметтерін хабарлаңыз».

 

Бұл жайт бұрыннан таныс. Желіде фейк, интернет алаяқтықпен және буллингпен кездеспеген жан жоқ шығар.

 

Медиасауаттылық бұл журналистердің немесе ақпаратпен тығыз жұмыс істейтіндердің кәсіби шеберлігі ғана емес. Қазіргі таңда әрбір адам медиа сауатты болуы керек. Бұл идея SEN мюзиклінің өзегіне айналды, мұны Нұрсұлтан Назарбаев Қорының шығармашылық бастамалар зертханасы сахнасында театр драматургы Әннәс Бағдат, режиссер Есләм Нұртазин және композитор Ербол Нариманұлы көрермен назарына ұсынды. Алғашқы екеуі Қор жанындағы Мәдениет жөніндегі Кеңестің өкілі. ArtKöshe театрының труппасы бұл шығармашылық идеяны жүзеге асырды.

 

- Әу бастан-ақ мюзикл жанрындағы медиасауаттылық тақырыбының қалай қабылданатыны қызық еді. Содан кейін көрерменді тарту үшін біз иммерсивті театр әдісін қолдандық. Тұсаукесер кезінде біз бұл шешімнің нәтижелі болғанын көрдік. Көрермен сахнада болып жатқан оқиғаларға тікелей қатысты, — деді Әннәс Бағдат.

 

Әртүрлі жастағы көрермендердің мюзиклге деген пікірі бір жерден шықты. Тақырып бұрыннан өзекті. Біреулер кейіпкерлерге белсенді түрде қол соқса, енді бірі көз жасына ерік берді, келесілері залдан өзін көргендей болды. Бір сөзбен айтқанда,  ешкім енжар қалмады.

 

- Интернеттің өмірімізге қатты еніп кеткені соншалық, күн сайын қанша ақша жұмсайтынымыз есімізде қалмайды. Сатып алу, сату, танысу, кездесу, іскерлік кездесулер, дәрістер — барлығы онлайн режимде өтеді. Ал  махаббат ше? Біздің басты кейіпкерлеріміз Тиндерде кездеседі, Олардың махаббаты қалай аяқталғанын мюзикл көрермендері біледі, — деді Есләм Нұртазин.

 

Театр өнері саласындағы мамандардың пікірінше, мюзикл заманауи, түсінікті және көпшілікке танымал. Көрсетілім жалғаса ма, мәселе әзірге басы ашық күйінде қалып тұр. Бірақ көрермендер мен әртістер тағы бір кездесуге үмітті.

 

SЕN мюзиклі Internews Kazakhstan компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Түсініктеме қалдыру