news-img

«Neco» экологиялық клубы» қоғамдық қоры елімізде орман өсіруге үн қосты. Мемлекет басшысы жариялаған көгалдандыру жөніндегі ауқымды акциядан кейін қоғам белсенділері бұл іске күш-жігерін салуды шешкен. Мінекей, осылайша Қостанай облысы Федоров ауданында қылқан жапырақты және жеміс ағаштарының шағын тәлімбағын құру идеясы пайда болды.

Игі жобаны жүзеге асыруда авторларға Нұрсұлтан Назарбаев Қорының биылғы Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінде ұтып алған гранты көмектеседі.

Бастамашы топтың ойынша, тәлімбақта көшеттерді отырғызуға дайындаумен қатар, балаларды бағбаншылыққа және орман ісіне оқытуға, мектеп орманшылығын дамытуға және жастарды жалпы экологиялық тәрбиелеуге ықпал етеді.

Жоба Первомайское ауылынан басталып, болашақта бүкіл өңірге таралады. Белсенділер бір ғана Федоров ауданында 16 мектеп бар деп есептеген. Егер олардың әрқайсысы жылына бес мың тұқым өсірсе, онда екі жылдан кейін бір мектеп екі мыңнан астам көшет бере алады. Осылайша, көшеттер саны 32 мыңнан асады.

Тәлімбақ мектептердің бірінің аумағында орналасады. Грант қаржысына бүкіл қажетті құрал-жабдық және тұқыммен қамтамасыз етіп, өзге оқу орындарына тұқымдық материалды дайындауға болады.

Авторлар өздерінің экожобасы Қазақстанның ауылдық жерлердегі мектептерінде қосымша білім ретінде ұсынатын факультативтік курсқа айналатынын жоспарлап отыр.

Жобаның дамуы мен қорытындысы туралы алдағы уақытта тағы айта жатармыз. Әзірге, грант иелеріне күш-қуат пен сәттілік тілейміз!

Түсініктеме қалдыру