Бурабайда «EL UMITI – 2022» жазғы лагері басталды
Лагерь 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған. Тренинг бағдарламасы сан алуан: «Эмоционалды интеллект. Келіссөз жүргізу» және «Өзіңді және өз ісіңді табу».
Бұған Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «Елбасы Академиясы» КҚ жобасының амбассадорлары, «Елбасы Медалі» бағдарламасы мен «Myn Bala» және «Birge Oqy» жобасынан жастар белсенді түрде қатысты.
«Құрметті балалар, сіздердің оқудағы бүгінгі жетістіктеріңіз және өзін-өзі дамыту жолындағы табандылығыңыз өзгелер үшін үлгі-өнеге. Бұл жетістіктердің маңызы зор, себебі бұл болашақтағы бәсекеге қабілеттіліктің кепілі. Әрі адамның жеке қасиеті мен қарым-қатынас дағдысы да ерекше рөл атқарады. Сол себепті сіздерге арнап түрлі бағдарлама әзірленген. Жаңа нәрсені танып білуде сәттілік тілеймін!», - деді лагерь жұмысын ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Үш күн бойы қатысушылар «Отбасы Академиясы» ҚҚ танымал сарапшы-тренерлердің қызықты тренингтеріне куә болады. Тренингтерді психолог-практик, ұлттық тренері, Юнисеф сарапшысы Зухра Әбдірахманова, «Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек» ҚБ басшысы, Юнисеф ұлттық тренері Майя Наримова өткізеді. Бұған қоса, қатысушылар үшін балалар психологы, әлеуметтік жұмыс және қадағалау жөніндегі маман, «Ковчег» отбасылық үлгідегі мекеме директорының орынбасары, Юнисеф-тің ұлттық кеңесшісі және тренері Татьяна Федотова шақырылды.
Баршаңыздың уақыттарыңыз жақсы өтсін!