Қор стипендиаты Бақытжан Ғабдулина: Жетістікке темірдей тәртіп пен қажырлы еңбектің арқасында жеттім
Біздің стипендиаттар талантты әрі жан-жақты: оқу, спорт, ғылыммен айналысып, шығармашылық және қоғамдық өмірді қатар алып жүреді. Бәріне қалай үлгереді екен? Бұл көпшілікті толғандыратын мәселе. Әрине, бұған нақты жауап жоқ. Әрбір стипендиат – бөлек тұлға. Оларды осы әлемді жақсарту деген бір ғана мақсат біріктіреді.
Гуманитарлық-техникалық академияның «Қаржы» мамандығында үздік оқитын Бақытжан Ғабдулина қоғамдық өмірге белсене араласады, ғылыммен айналысады.
«Sanaly Urpaq» гуманитарлық-техникалық академиясында студенттік клуб бөлімшесінің мүшесі; «Жас Отан» ЖҚ жастар ұйымының жұмысында және «QazVolunteer» волонтерлік тәжірибесі бар, курс көшбасшысы, топ старостасы.
Бақытжан үш ғылыми еңбектің авторы, мектебінде, ЖОО-да үздік оқып, қоғамдық өмірге белсенді қатысады. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинарларға және тренингтерге қатысқаны үшін 30-дан астам диплом, грамота мен сертификат алған.
— Маған жаңа нәрсені үйрену қызық, сол себепті ғылыммен айналысамын. Себебі, ғылым адамның болмысын өзгертуге негіз боларлық әлем, адам, қоғам жайлы объективті білім алуға бағытталған танымдық іс-әрекеттің ерекше түрі, - дейді Бақытжан Ғабдулина.
Бойжеткен «Ақмола облысының жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде» оқып, «Жас мемлекеттік қызметшілер» сертификатымен марапатталған.
- Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясының иегері атанғанымды естігенімде қатты қуандым. Қордың стипендиаты болу мен үшін ең әуелі зор құрмет пен үлкен жауапкершілік. Қордың шәкіртақысы - бұл тек қаржылай қолдау емес, бұл үлкен нәтиже мен мол табысқа жетуге серпін береді, — дейді Бақытжан.
Бұған қоса, ол жетістікке темірдей тәртіп пен қажырлы еңбектің арқасында жеткенін айтады.