news-img

«Golden Qazaqstan» қоғамдық бірлестігінде ауыл жастары арасында цифрлық сауаттылықты арттыру қолға алынды. Ұйым биыл «Үйлесімді даму және бақытты балалық шақ - қазіргі заманауи негізгі басымдық» әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қорының грантын иеленді. 

«Цифрлық ауыл» атты жобаға Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Шәменов ауылының жастары қатысады.

Жәрмеңке жеңімпазының бастамасы жергілікті деңгейде, яғни бір өңірде цифрландыруды дамытуға бағытталған. Елімізде IT саланың белсенді дамып келе жатқанына қарамастан, цифрлық қызметті пайдалану деңгейін әлі де арттыру қажет. Сол себепті жоба ауыл жастарын цифрлық қызметтерді пайдалануға үйретуді көздейді. 

Жарты жыл ішінде ай сайын 30 адам оқытылады. Соның нәтижесінде жобаға Шәменов ауылының 200-ге жуық тұрғыны қамтылады. Өз кезегінде олар білімі мен дағдысын өзге де ауылдастарымен бөлісе алады.

«Цифрлық ауыл» білім беру курстарына қатысушылар eGov үшін ЭЦҚ кілттерін алу, eGov mobile мобильді қосымшасы, электрондық анықтамалар алу, жеделхаттармен жұмыс істеу және т.б. цифрлық сервистерді емін-еркін пайдалана алады деп күтілуде. 

- Ауылда білімді жастардың өмір сүруі өте маңызды. Цифрландыру саласындағы білімсіз бүгінде қарыс қадам басу мүмкін емес. Неліктен біз жастарды оқытуды шештік? Бір жағынан биылғы жыл балалар жылы деп жарияланды, халықтың осы санатына барынша назар аударылуы тиіс, ал екінші жағынан жастар цифрлық дағдыны жылдам меңгеріп, әрі қарай үлкендерді оқыта алады, – дейді «Golden Qazaqstan» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытбек Кенжебек.

Түсініктеме қалдыру