news-img

Венера Құбашева ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жас маман. Қазір ол студент емес, бірақ оны назардан тыс қалдыруға болмас. 

Венера биыл Astana IT University-де киберқауіпсіздік бойынша үш жылдық оқуын аяқтады. Оқу басталғалы ол университетте үздік нәтиже көрсетті. Оның GPA бірінші жылы 3,92, ал екінші жылы 4.0 болды.

Ең маңызды жетістіктері мыналар. «Rubik CTF 2021: the Onе» Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері арасында Capture The Flag форматындағы ақпараттық қауіпсіздік бойынша турнирде III орын, «CodeW» қыздар арасында спорттық бағдарламалау бойынша жарыста IV орын алған. Бұған қос, «ACM ICPC» спорттық бағдарламалау бойынша әлем чемпионатының жартылай финалына қатысқан.

2020 жылы қыста Венера «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-да тағылымдамадан өтіп, онда Жерді қашықтықтан зондтау бойынша өзінің теориялық және практикалық білімін қолданды.

- «Тәжірибесіз теория өлі, теориясыз тәжірибе соқыр» қағидасы бойынша оқимын. Сол себепті  көптеген жобам бар, оның денін студент кезінде жүзеге асырдым. Оларға клинингтік және консалтингтік компанияларға арналған демо-сайттар, VPN және firewall арқылы қосылудың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін желі топологиясы, веб интерфейс арқылы сканерленген файлдарды жіберуді автоматтандыруға арналған қосымша, «Физика» пәні бойынша оқушылардың өзін-өзі жетілдіруіне арналған электрондық кітап және басқалар кіреді, - дейді Венера Құбашева.

Бойжеткен әрдайым академиялық, шығармашылық және студенттік өмірдегі жетістіктері үшін стипендия алуға болатынын білетін.

- Алайда мәселе тек стипендиямен шектелмейді. Маған сенім артқан кісілердің барын білемін. Мұндай қолдаудың арқасында өзіме сенімді бола түстім. Айналамдағы адамдардың жетістікке жетуіне, әлеуетін ашуға және өз ісінің маманы болуына мен үлгі көрсеткім келеді, - дейді талантты қыз.

Түсініктеме қалдыру