Балаңыз буллингке ұшыраса не істеу керек? Психологтан кеңес
Буллинг – бұл балаға қысым жасау, қорлау, яғни оған басқа баланың немесе топтың қасақана теріс әрекеті.
Егер балаңыз мектепте буллингтің құрбаны болса, не істеу керек? Бұл туралы «Аман келешек» балалар инклюзивті фестивалінің білім беру алаңында психология магистрі, @bullyingkaz антибуллинг-қоғамдастығының негізін қалаушы Светлана Богатырева айтып берді.
Психологтан кеңес:
1. Эмоцияны азайтуға тырысыңыз. Ең абзалы сабыр сақтау.
2. Баланы тыңдап, түсінуге тырысыңыз, сынамаңыз. Жақтайтыныңызды және көмектескіңіз келетінін айтыңыз.
3. Мүмкіндігінше көп ақпарат жинаңыз, бірақ жауап алу болып кетпесін. Бұл қысымның қай кезден бері жалғасқаны, қазір қай кезеңде екенін анықтаңыз.
4. Кімнің кінәлі екеніне емес, не істеу керектігіне назар аударыңыз.
5. Жоспар құрыңыз. Бұл жағдайды бақылауға мүмкіндік береді.
6. Бұрынғы жеңістерді еске түсіріңіз. Зейінді оның қиын болғанына емес, нәтижесіне аударыңыз.
7. Күнделік жүргізуге кеңес беріңіз. Бұл эмоцияны жеңілдетеді.
8. Баланың күшті жақтарын түсінуге, өзіне сенімді болуға көмектесіңіз.
9. Жаңа орта табуға, қандай да бір хоббиге, қызығушылыққа көшуіне көмектесіңіз.
10. Жеке шекараны анықтауға және оларды қорғауға көмектесіңіз.
11. Баланың психологиялық жағдайына қатты әсер еткенде (күйзеліс, ұйқысыздық, тәбеттің жоғалуы, депрессиялық көңіл-күй) маманға (психолог, психотерапевт, психиатр) жүгініңіз.
Айтпақшы, баланы спорт секциясына беру әркез оң нәтиже бермейді. Ол шынығып, тойтарыс бергенше біраз уақыт кетеді. Секцияда тәжірибелі спортшылар жолығып, өзін-өзі бағалауын төмендетеді, күшіне емес, эмоциясына арқа сүйеп, түрлі құқық бұзушылыққа ұрындыруы мүмкін. Психотип бойынша мұндай спорт түрі барлық балаға жарамайды. Негізі мақсат – балаға мәселені күшпен емес, құқықтық салада шешуге үйрету ғой. Бірақ бұл балаға ұнаса, неліктен оны көрмеске.