Замандастар көзімен: Тәуелсіздік шежіресі

Тұңғыш Президент музейінде «Тәуелсіздік шежіресі / Летопись независимости» атты көрме ашылды.
Экспозиция егемен еліміздің қалыптасуы мен өркендеу жолында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған тарихи рөліне арналған.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімдері мен көшбасшылығының арқасында еліміз қарыштап дамыды. Көрменің басты мақсаты келушілерге Қазақстанның халықаралық аренадағы беделімізді нығайтып, еліміздің ядролық қарусыздану, жаһандық ынтымақтастық пен экономикалық бірігу сынды маңызды бастамалар арқылы әлемге танытқан Тұңғыш Президенттің еңбегін тереңірек түсіндіру.
Көрмеде еліміздің түкпір-түкпірінен жинақталған құнды деректерге де орын берілген. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің әр аймағына жасаған сапарлары мен халықаралық деңгейдегі кездесулерінің құжаттық шежіресі қамтылған.
Экспозиция Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы қадамынан бастап, халықаралық деңгейдегі стратегиялық бастамаларына дейінгі бүкіл қызметін қамтиды. Мұнда тарихи құжаттар, жеке қолданған заттар, мультимедиялық материалдар мен арнайы интерактив аймақтар бар. Әрбір келуші осы мол мұрадан тәуелсіздіктің қилы жолын, жас мемлекеттің қалыптасу белестерін, дана дә тәжірибелі көшбасшының кемел ойы мен парасатын айқын көре алады.
«Тәуелсіздік шежіресі» - жай ғана көрме емес, ол Қазақстан тарихымен тілдесіп, бүгінгі жетістігіміздің түп-тамырын ұғынуға, келешекке ой жүгіртуге мүмкіндік беретін сырлы кеңістік. Әсіресе, оқушылар мен студенттер үшін бұл еліміздің халықаралық қауымдастықтағы орнын тануға, Назарбаевтың жаңа дәуірге жол ашқан көшбасшылық келбетін көруге таптырмас мүмкіндік. Көрме әрбір жанды жас болса да қарқынды дамып келе жатқан еліміздің өткеніне үңіліп, көшбасшылық пен мемлекеттік ойлаудың көрнекті мысалдарын көруге шақырады.