news-img

Астанада Оқушылар сарайында «Тәуелсіздік дәуірі» интеллектуалды үстел ойынының ақтық сайысы және «Елбасы Медалі» ұлттық мотивациялық бағдарламасының 200-ден астам қатысушысын марапаттау рәсімі өтті.

Аталған жобаларды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр.

Бұл Қазақстан тарихынан ұлттық Олимпиаданы геймификация қолдану арқылы онлайн өткізуге бағытталған еліміздегі алғашқы тәжірибе.

- «Білім беру саласына геймификацияны енгізу деген жаңа үрдіс пайда болды. Тәжірибе жақсы нәтиже көрсетті. Бізде «Тәуелсіздік дәуірі» ойынында тек үстел үстіндегі нұсқасы ғана емес, онлайн формат бар. Ойын барысында қатысушы еліміздің тарихын зерттейді, стратегиялық ойлауды, логиканы, күрделі шешімдер қабылдау қабілетін дамытады. Геймификацияның өзі қызықты. Оқушыларының біздің ойынды таңдағанына қуаныштымыз. Яғни, біз сапалы және бәсекеге қабілетті өнім жасай алдық», - дейді Академия басшысы Асланбек Амрин.

I тур ойындары 7-14 қараша аралығында kzgame.kz сайты арқылы онлайн форматта өткізілді. Оған еліміздің 1429 жоғары сынып оқушысы қатысты (олардың 90% – колледж студенттері).

5 команда – 20 мықты ойыншы финалға шықты. Интеллектуалды ойында жеңімпаз атанғандар:

         - Гран-при - Алишер Ахметов (Павлодар облысы);

         - 1 орын – Даниил Ткачев (Қарағанды облысы);

         - 2 орын – Айтуар Багау (Павлодар облысы);

         - 3 орын – Ульяна Берверт (Ақмола облысы).           

 

Дарынды жастарды қолдауға бағытталған «Елбасы медалі» жобасының үздік 200 қатысушысын марапаттау кезінде 2022 жылдың өзінде 1796 адамның қатысқаны айтылды. Оның 1262-сі қола, 452-сі күміс, 82-сі алтын медаль алды.

Айта кетейік, «Елбасы медалі» бағдарламасы 2019 жылдан бастап басталған, оған 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастар қатысады. Жобаның ерекшелігі сол, бұл жан-жақты дамуға ықпал етеді, ҚР жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезінде грант ұтып алуға мүмкіндік береді.

Жалпы, үш жыл ішінде 9355 қазақстандық медаль алды, 1928 медаль иесіне білім гранты берілді. 9355 медаль иегерінің 30%-дан астамы ауыл мектептерінің түлектері.

Түсініктеме қалдыру