news-img

6-7 желтоқсанда «Оқушылардың қабілеті мен дарындылығын диагностикалау және дамыту» атты I республикалық психологиялық форум-семинары өтіп жатыр.

Форум балалардың қабілеті мен дарындылығы психологиясы саласындағы отандық зерттеушілердің пікір алмасуына бағытталған. Іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Елбасы Академиясы «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркімен және «EDUTECH» білім беру стартапымен бірлесіп ұйымдастырды.

Форумда балалардың қабілеті мен дарынын анықтауға, қолдауға және дамытуға байланысты заманауи сын-қатерлер, психологиялық-педагогикалық құралдар жүйесі талқыланады. Сарапшылар балалармен жұмыс істеудің табысты мысалдарымен бөлісуде.

Форум «Білім беру түйткілі ретінде қабілет мен дарындылықты дамыту жолдары», «Оқушылардың шығармашылығын дамытудың психологиялық әдістері мен тәсілдері», «Қазіргі психологтың сыни ойлауын дамыту технологиясы» және т.б. негізгі тақырыптар аясында өткізілуде.

Іс-шараға дарынды адамдарды қолдаудың Еуропалық желісінің венгриялық таланттар орталығының директоры, Еуропалық кеңестің хатшысы Чилла Фусжек, дарынды балаларды зерттеу жөніндегі жетекші қазақстандық маман, профессор Ақмарал Сатова, Қазақстан психологтары қауымдастығының және білім басқармаларының өкілдері, «Дарын» орталықтарының басшылары, мектеп психологтары және т.б. қатысып отыр.

«Академия ұйымдастырған «Qabilet» қызметінің маңызы зор. Бұл балалардың бейімі мен қабілетін анықтауға септігін тигізеді. Қазір мамандықтың өзектілігі мен оқыту құралдары, балалардың білімін диагностикалаудағы тәсілдер жылдам өзгеретін уақыт. Балалардың дамуын қамтамасыз етуге, болашақ мамандарды қалыптастыруға арналған осындай форумдарға қатысқаны, өзара іс-қимыл жасағаны үшін әріптестерімізге алғыс айтамын», - дейді атқарушы директордың орынбасары Әлкей Марғұланұлы.

Чилла Фусжек «Qabilet» жобасын жоғары бағалап, оның жұмыс принципі Венгриядағы орталықтардың қызметімен байланысты екенін атап өтті. Сарапшы Елбасы Академиясымен түрлі бағыттар бойынша серіктестік орнатуға ниет білдірді.

Форум барысында әдістеме авторлары, «Qabilet» жобасының жаттықтырушылары еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектеп психологтарына тақырыптық тренингтер мен шеберлік сыныптарын өткізуде.

Түсініктеме қалдыру