Алматы мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілеріне арналған жаңа жылдық ертегі
Almaty Theatre сахнасында «Қар ханшайымы» жаңа жылдық қойылымы өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры балалар балет спектаклінің тұсаукесерін екі актіде ұсынды.
Алматыдағы арнайы (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушілері, көп балалы отбасыдан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі және қиын жағдайға тап болған балалар жаңа қойылымды бірінші болып көрді. Жаңа жылдық ертегіні дәстүр бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырды.
Балалар ұзақ жол жүріп, көптеген сынақтан өтсе де, шегінбей, ағасы Кайды қыс пен мұз патшалығынан құтқарған батыл қыз Герда туралы әсерлі оқиғамен танысты. Мұнда ертегідегідей балетте де шынайы достық пен махаббатқа кедергі жоқ деген негізгі ой жасырынған.
- Маған спектакль қатты ұнады. Андерсеннің бұл ертегісін жақсы көремін. Мен Қар ханшайымы туралы фильмдер мен мультфильмдерді көргем, бірақ балетті бүгін бірінші рет көрдім. Тағы да ертегі балетке барғым келеді! – деді 8 жастағы София Пережигина.
«Қар ханшайымы» балеті А.Глазуновтың, Ц.Кюидің, М.Мусоргскийдің әуенімен Майлен Тілеубаевтың қойылымына қойылды, оған Болат Аюхановтың шәкірттері қатысты.
- Спектакль ұнады, 5 жастан 15 жасқа дейінгі балалармен бардық. Қойылымды олар тапжылмай отырып тамашалады. Осындай керемет спектаклге қатысқандарға алғыс айтамыз. Ұмытылмас эмоция мен әсер үшін рахмет! – деді «Жанұя» жетім балаларға арналған мамандандырылған кешеннің тәрбиешісі Күлшат Намазбекова.
Қойылымнан кейін барлық балаға Almaty Theatre тәтті тосынсый ұсынды. Ал Қордың сенімді әлеуметтік серіктесі – «Рахат-Демеу» қайырымдылық қоры алдағы Жаңа жылға орай, мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне сыйлық дайындады.
- Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жыл сайын балаларға арналған іс-шаралар өткізеді. Осы жоба аясында балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтамасыз етуге, мүгедек балалардың денсаулығын нығайтуға ерекше назар аударылады. Қолдауыңыз бен қамқорлығыңыз үшін шын жүректен рахмет! - деді Алматының «SOS Балалар ауылының» жетекші педагогы Аида Қазбекова.