news-img

2023 жылдың 8 ақпанында Алматыда Дамир Оразымбетовтың «Өнер тәрбиесі» атты авторлық дәрістер топтамасы басталды. Бұл балет әлемі көрермендер алдына жаңа қырынан көрінетін хореографиялық өнердің тарихы туралы әңгімелерге арналған ашық кездесулер циклы.

Алғашқы лекция «Щелкунчиктің басқа әлемі және балет патшалығы» деп аталды. Көрермендер ағаштан жасалған Щелкунчик ойыншығының пайда болуы, императорлық театрдың артқы сахнасында ең танымал жаңа жылдық партитураның жасалуы және бүкіл әлемде П.Чайковскийдің сиқырлы музыкасының хореографиялық интерпретациялары туралы әңгімелерді тыңдады.

Материалдардың барлығы лектордың бағыт-бағдар берумен түрлі-түсті презентация үшін мұрағаттағы бірегей бейнежазбалар мен фотосуреттерден мұқият жинақталды.

Театр режиссері, хореограф, өнертану ғылымының кандидаты, Qazaq Ballet Magazine журналының бас редакторы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының арт-менеджмент кафедрасының доценті, ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан ұлттық федерациясының бас режиссеры, Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Мәдениет жөніндегі кеңестің мүшесі Дамир Оразымбетов дәріс берді.

Өнертану ғылымдарының докторы, Жүргенов атындағы академияның профессоры Гүлзада Омарова өз пікірімен бөлісті:

«Дамир Оразымбетовтың дәрісі бұл жолы бір ғана жауһар – Чайковскийдің «Щелкунчик» ертегі арқылы әлемдік балет өнерінің ғажайып әлемін ашты. Жалпы, әлемдік классиканы паш ететін мұндай дәрістердің маңызы мен қажеттілігі мәдениетімізде өте маңызды. Олар жастарды, өкінішке қарай, бұқаралық мәдениеттің көлеңкесінде қалып отырған биік өнерге баулиды. Осыған байланысты адамдардың көбі нағыз ғаламатты мүлдем білмей қалады».

Оның ойлары өнер тәрбиесі арқылы заманауи ұрпақты театр және хореография өнерімен таныстыруды көздейтін «Өнер тәрбиесі» жобасының басты мақсатымен үндес.

Залға хореографиялық мектеп пен физика-математикалық мектеп – ЮНЕСКО клубтарының студенттерінен бастап Алматыдағы жетекші гуманитарлық және экономикалық университеттердің студенттеріне дейін 200-ге жуық адам жиналды. Қазақстанның барлық аймағынан 450-ден астам адам онлайн қосылды. Олардың қатарында ЮНЕСКО клубтарының студенттері мен оқытушылары, дәріске қызығушылық танытқандардың барлығы да бар.

«Біздің балаларға материалды ұсыну форматы қатты ұнады. Олар дәрістен үлкен әсер алды және келесі болатын дәрісті асыға күтеді», –  деді ЮНЕСКО-ның «Star of David» арт-студиясының жетекшісі Мәншүк Ғайнова.

Дәріске аты аңызға айналған балерина Людмила Рудакова да қатысты. Бір кездері ол өз мансабын  балет сахнасында «Щелкунчик» фильміндегі Машаның негізгі партиясынан бастаған. Ол лекторға ризашылығын білдірді: «Осы материалдардың барлығын тауып, жинақтау үшін қаншама еңбек еткеніңізді елестете аламын! Мұның бәрі оңай болмағаны анық. Мұндай лекцияны барлығы көріп және тыңдауы керек деп ойлаймын! Тіпті балет туралы көп білетін мен үшін де бұл дәріс пайдалы әрі мазмұнды болды!».

Іс-шара соңында ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан ұлттық федерациясының коммуникациялар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Сабина Ақжарова сөз сөйлеп, келесілерді атап өтті: «Біздің Федерация Qazaq Ballet ғылыми-шығармашылық зертханасының «Өнер тәрбиесі» атты ашық дәрістер топтамасын өткізу идеясын қолдағанына өте қуанышты. Себебі біз еліміздің және қазіргі жастардың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру жолындағы жауапкершілігімізге сенімдіміз. Осындай іс-шаралардың арқасында балалар жан-жақты дамып, әр түрлі бағытта білімін арттырып жатыр. «Щелкунчиктің басқа әлемі және балет патшалығы» атты бірінші лекцияда айтылған құнды ақпараттар  басқа бағыттағы балалар мен жасөспірімдер арасында бұрын-соңды болмаған қызығушылық тудырды. Демек, бұл осы бағыттың дұрыс таңдалғанын айқындап тұр».

Бұған дейін жазғанымыздай, іс-шара Qazaq Ballet ғылыми-шығармашылық зертханасының бастамасымен және Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан ұлттық федерациясының қолдауымен өтті.

Жуырда тарих пен өнер туралы білгісі келетіндерді бейжай қалдырмайтын тағы екі дәріс өтеді: 2 наурыз – «Майя Плисецкая және ұлы француздар» және 15 наурыз – «Қазақстандағы балет ертегілерінің шеруі». Дәрістер туралы толығырақ ақпаратты келесі жарияланымдардан оқуға болады.

Түсініктеме қалдыру